Елімізде Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммиті өтеді
1 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.
2 қарашада Астана қаласына Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапар жасайды.
Сапар барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстанның сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығын одан әрі кеңейтуге қатысты келісөз жүргізеді деп жоспарланып отыр.
3 қарашада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммиті өтеді.
Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-ға бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.