Қ. Тоқаев Түркия Республикасының 100 жылдығымен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Мемлекет басшысының құттықтау хатын Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов салтанатты қабылдау барысында оқып берді.
"Тереңге жайылған асыл тарихынан, бай мәдени мұрасынан, халқының қайсарлығы мен даналығынан бастау алатын бүгінгі Анадолы қарқынды дамуға қол жеткізіп, жаһандық деңгейдегі көшбасшы әpi қуатты елдердің қатарына енгенін ерекше қуанышпен атап өтемін. Сіздің салиқалы да кереген саясатыңыз, қажырлы күш-жігеріңіз бен игі бастамаларыңыз еліңізді жаңа алтын ғасырға қадам бастап, биік мақсат-мұраттарға жетелей беруіне шынайы тілектеспін», – делінген Президент құттықтауында.
Мемлекет басшысы екі елдің берік достық пен өзара қолдауға негізделген қарым-қатынастары ағайын халықтарымыздың игілігі үшін кеңейтілген стратегиялық әріптестік рухында ғасырдан ғасырға жалғаса беретініне кәміл сенетінін айтқан.
Ерлан Қошанов Қарағанды облысындағы шахтадағы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан халқына қолдау білдіріп жатқан Түркия басшылығына және дипломатиялық корпус өкілдеріне алғысын жеткізді.
Палата төрағасы елдеріміздің Парламент деңгейіндегі және ТүркПА сияқты халықаралық алаңдар аясындағы ынтымақтастығына тоқталды.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері Түркияның 100 жылдық мерейтойына орай Астанада «Анадолы» көшесі, Шымкентте «Түркия» даңғылы мен саябағы, Алматыда Мұстафа Ататүрікке арналған ескерткіш ашылғалы жатқанын айтты. Ал 26 қазанда елордадағы «Ататүрік» саябағында Юнус Эмреге арналған еңселі ескерткіш ашылды.