Франция Қазақстанды аймақтағы жалғыз стратегиялық серіктесі санайды
Ресми сапар барысында қос елдің көшбасшысы ынтымақтастықты нығайту мақсатында келіссөздер жүргізіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды деп күтілуде.
Франция Орталық Азиядағы жалғыз стратегиялық серіктесі - Қазақстанмен байланысын одан әрі дамытуға мүдделі. Былтыр ел Президенті Қ.Тоқаев Парижге жасаған сапарында энергетикалық егемендік пен жасыл технология, минералдарды өндіру мәселесін сөз еткен еді. Соның негізгісі «Мирный» жел электр станциясын салу. Ал биыл жазда қос ел таза электр энергиясын сатып алу жөнінде ортақ келісімге келді.
Енді бұл жолғы кездесуде саяси және сауда-экономикалық мәселелер талқыланады дейді сарапшылар.
Париж
Микаэль Левистон, француз халықаралық қатынастар институтының зерттеушісі:
- Франция үшін Қазақстан мұнай мен уран жеткізуші негізгі елдердің бірі. Сондықтан Қазақстанның АЕС салу жобасы аясында біздің елмен қарым-қатынас орнатуы тиімді болмақ. Францияның атом энергетикасында тәжірибесі мол. Бұл кездесуде екіжақты сауда-саттықтың жаңа динамикасы қалыптасады деген сенім бар.
Францияның ірі компаниялары басшыларының делегациясында су ресурстарын басқаруға маманданған Suez тобының өкілі бар. Делегация құрамына сәйкес, мазмұнды басқосуда энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі және қалалық көлік қатынастары саласы бойынша да байланыс талқыланады.
Ги Сидос, Француз-қазақ іскерлік кеңесіің төрағасы:
- 1 қараша күні Астанада өтетін экономикалық форумда денсаулық сақтау ісі, ауыл шаруашылығы мен ветеринария сынды ауқымды салалар бойынша да мәселелер қозғалады. Ал құрылыс бағытындағы қатынас онсыз да қарқынды дамып келеді. Мыңаралдағы Vicat (Викà) және Тараздағы Saint-Gobain (Сан-Гобàн) компаниялары қос елдің негізгі жобалары. Бұл банк секторынан бөлек, қызмет көрсету секторының барлығына оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Сарапшылар Президент Макронның Орталық Азияға сапарын алдымен, Қазақстаннан бастауын үлкен маңызға балап отыр. Олардың айтуынша, бұл қос ел арасындағы ынтымақтастық байланыстың берік орнағандығын аңғартады.
Әсия Нұрлыбаева, Әлия Сыздықова