Әлемдік БАҚ: Э. Макронның Қазақстанға сапары
Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға ресми сапары әлемдік баспа құралдарының назарында.
Журналистер мен сарапшылар қауымы Орталық Азиядағы ірі саяси ойыншы, ресми Астананың геосаяси шиеленістегі модераторлық рөліне тоқталған.
Әлемдік БАҚ өкілдері Франция президенті Эмманюэль Макронның Орталық Азияға сапарын Қазақстаннан бастауы бекер емес дейді. Өйткені Қазақстан – Францияның сенімді стратегиялық серіктесі. Бұлай деп «Times» басылымында жазылған. Мақалада ірі державаның Орталық Азияда өзіне серіктес іздеп жүргендігі баяндалады. Сондай-ақ елдің уран өндірудегі әлеуетін ескеріп, энергетикалық байланысты нығайтуды көздеп отыр дейді.
Майкл Левистон, Париждегі Француз халықаралық қатынастар институтының зерттеушісі: Қазақстан – Францияның энергетикалық қауіпсіздігінің негізгі кілті. Сондықтан Макронның сапары Париждің екіжақты ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін аңғартады.
Әлемнің алпауыт елдері көз тіккен Қазақстанға Франция да қызығушылық танытып отыр. Француздық Rfi.fr басылымы Франция президенті Эмманюэль Макрон Орталық Азия аймағында ықпалдастығын күшейтіп, беделін арттыру үшін Қазақстанға келгені айтылған. Мақалада энергоресурсқа бай өлкеде өзінің саяси-экономикалық ізін қалдырғысы келетіні жазылған.
Люк Родехефер, америкалық саясаттанушы, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша маман: Еуропаның энергетикалық мәселелерін шешуге Қазақстанның әлеуеті толықтай жетеді. Өйткені бұл елдің табиғи қазбасы мол. Энергия көзінің қазыналы аймағы саналады.
Француздық «Lemonde» басылымы да бұл пікірмен келіседі. Онда Франция Қашаған Теңіз мұнай кен орнын игеру жобасында Қазақстанның бесінші ірі шетелдік инвесторы саналатыны жазылған. Француз басшысының Қазақстанға табан тіреуінің негізгі мақсаты да осы, яғни энергоресурсқа бай аймақтармен тығыз қарым-қатынас орнату, дейді «Lemonde» басылымы. Сол себепті Қазақстандағы сапарынан соң француз көшбасшысы көршілес Өзбекстан еліне аттанады, - дейді автор.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.