Алматыда Эстонияның Құрметті консулдығы ашылды
Салтанатты шараға Эстония Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Тоомас Тирс, дипломатиялық корпус және бизнесмендер қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өз сөзінде елші жаңа кеңсенің ашылуы екі елдің бизнес қауымдастығының қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты. Осы жылдың 9 айында Қазақстан мен Эстония арасындағы товар айналымы 112 миллион АҚШ долларына жуықтаған. Эстония Қазақстанға ауылшаруашылық техникасы мен құрал-жабдықтарын сатады. Ал біздің елден май және мұнай өнімдерін алады.
Бүгінгі таңда елімізде эстон капиталының қатысуымен ашылған 70-тен астам кәсіпорын бар. Олар құрылыс, жиһаз және тамақ өндірісі, көлік және логистика саласында жұмыс істейді.
Тоомас Тирс, Эстония Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
- Бұл – біздің Қазақстандағы екінші Құрметті консулдығымыз. Біріншісі Оралда орналасқан. Былтыр Қазақстан мен Эстония арасында орнаған дипломатиялық байланыстың 30 жылдығын атап өттік. Біздің теңіз порттарымыз бар. Ал Қазақстанда әлемдік нарыққа шығаратын жүк көп. Бұл – бірінші бағыт. Екіншісі – IT бағыты. Қазақстан да, Эстония да бұл салада жақсы дамыған. Бізде қазақстандық фирмаларға қызықты болатын жобалар бар.