Газа секторындағы аурухана, мектеп және лагерь бомбаланды
Израиль күштері Газа секторындағы бейбіт халық орналастырылған 3 ғимаратты бомбалап, жүзден аса адам қаза тапты.
200-ге жуық тұрғын жараланған. Израиль әскері соққы берген нысандардың арасында "әл-Магази" босқындар лагері, "Әл-Кудс" ауруханасы мен Джабалия лагеріндегі мектеп бар. Газаның батысындағы аурухана мен білім ошағы кеше атқыланды. Израиль билігі ХАМАС нысандарына бомбаладық дейді. Жалпы мәліметке қарағанда Газада қарулы қақтығыстан ажал құшқандар саны 9 жарым мыңнан, ал жарақат алғандар қатары 30 мыңнан асқан.
Арафат Абу Машая, жергілікті тұрғын:
- Израиль бейбіт халыққа Газаның солтүстігінен оңтүстігіне қарай көшсін деген талап қойған соң осында бас сауғалап келген едік. Бірақ нағыз қырғынға тап болдық. Израильдің әуе күштері 20-дан астам үйді жермен жексен қылды. Бәрінде қарапайым адамдар өмір сүрген.
Ливан-Израиль шекарасындағы ахуал да ушығып тұр
Израиль мен Ливан шекарасындағы ахуал да ушығып тұр. Оған Ливанның оңтүстігіндегі "Хезболла" тобының Израиль аумағын зымыранмен атқылауы себеп. Израиль қарымта ретінде қозғалыстың нысандарына соққы берген. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.