Бүгін еліміздегі 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қалада әкім сайлауы өтті
Болжам бойынша, 1 млн-нан аса отандасымыз өз таңдауын жасауы тиістін.
Ал додаға жиыны 164 кандидат түсті. Оның жартысынан көбі өзін-өзі ұсынғандар. «Бұл - халықтың саяси белсенділігі артқанын байқатады», - дейді мамандар.
Глубокое ауданында 13 ауылдық және 4 кенттік округ бар. Аймақта әкім сайлауына дайындық қызу жүрді. Әсіресе халық бұл күнді асыға күтті. Себебі ауданда қордаланған мәселе шаш етектен. Айталық Прогресс ауылындағы жұрт өлкенің коммуналдық түйткілі толық шешілсе деп армандайды. Сондықтан бар үміт жаңа әкімде болмақ.
Блиц:
- Ауданда бас-аяғы 44 сайлау учаскесі бар. Оның біреуі жабық режимде жұмыс істеді. Сайлау процесін онлайн сервис оңайлатты. Тұрғындар жақын сайлау учаскесін мобильді қосымша арқылы анықтады. Дәл осындай жаңа технологияның игілігін Қарағанды жұртшылығы да көрді.
Мария Мунтян, № 653 сайлау комиссиясының мүшесі:
- Мен өз электрондық қолтаңбам арқылы ЕГОВ порталына тіркеліп, өтініш берушінің ЖСН кодын енгіземін. Портал барлық ақпаратты бір мезетте шығарып береді. Егер ол біздің мекенжайда болса, комиссия төрағасының рұқсатымен сайлаушылардың тізіміне қосамыз. Бұл ешқандай қате жібермей, сайлау процесін барынша ашық өткізуге мүмкіндік береді.
Ал бұл - Осакаров. 30 мыңға жуық тұрғыны бар аудан. Түтіну түзу, тірлігі тиянақты мекен тоғыз жолдың торабында орналасқан. Жіптей жолдар жергілікті жұртты өркениетпен жалғап отыр. Әлеуеті зор ауданға үш бірдей үміткер әкім болғысы келеді. Дегенмен ең мықтысы ғана халық сеніміне ие болмақ.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
- Бір орынға үш адамнан таласып жатыр. Бұл өте жақсы конкуренция. Олар сол әкімді көбі танитын болады, сол жердің тұрғыны болса. Шын айта ма, бос сөз айтып жатыр ма, соның бәрін халық жалпы біліп отырады. Осылай осылай халық даусын сыйлап, даусын бағалап, болашақта депутаттарды сайлағанда солай сайлауға қарап отыратындай болады. Бұл - сайлаудың мәдениеті.
Ақтөбе облысы
Ауылың көркейсін десең, жөнді әкім сайла. Ақтөбе облысындағы ағайын осылай дейді. Жасы-кәрісі таңсәріден сайлау учаскесіне ағылды. Айдарбек Имаков та көптен қалмай өз таңдауын жасады. Көз жанарының нашар көргені еш кедергі емес. Себебі бұл жерде дыбысты ескертпелер, тактильді белгілер секілді оған қажет бұйымның бәрі бар.
Айдарбек Имақов, Әлия ауылының тұрғыны:
- Жаңа әкімнен осы ауданымыздың болашағынан үлкен үміт күтемін. Біздің ауданымызда мүмкіндігі шектеулі азаматтар болса соларға бірінші қолдау көрсетіп, одан кейін қазір елімізде болып жатқан, көп балалы аналар бар, соларға қамқорлық жасап, соларға жағдайлар жасалса, ауылымыздың дамуына өз үлесін қосады деген ойдамыз.
Бүгінде әйел заты игермеген сала жоқ. Осы сайлау сол сөзімізді дәлелдей түскендей. Аудан әкімі болуға ел бойынша 10 әйел ниет танытты. Әсіресе Абай, Жетісу, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының қыз-келіншектері белсенді. Аудан әкімдерін сайлау - елдегі саяси реформалардың көрінісі, дейді мамандар. Халық жергілікті өзін-өзі басқару ісіне етене араласа бастады. Соңғы екі жылдың ішінде дәл осы жолмен 1668 әкім сайланды. Олардың тең жартысынан астамы бұрын бұл қызметте болмаған. Яғни ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды. Ең бастысы, халық өзіне ұнаған азаматты әкім ғып сайлауына мүмкіндік алды.
Авторы: Назерке Тоқжан