Тоқаев Путиннің Қазақстанға не үшін келе жатқанын түсіндірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің елімізге қандай мақсатта келе жатқанын түсіндірді.
Бұл туралы Президент өзінің «Известия» газетіне берген сұқбатында айтты.
Ресей Президентімен Астанада өтетін алдағы кездесудің күн тәртібі өте ауқымды. Біз екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылаймыз деп жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілерін де қарастырамыз. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасамыз – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзге де талқылайтын тақырыптар барын айтты.
Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысамыз. Бұл аймақтар мен екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірегей әрі өте тиімді формат. Биыл Қазақстанның Қостанай қаласында аталған жиын 19-рет өткізіледі. Іс-шараның тақырыбы – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық. Форум Ресей Президентінің Қазақстанға алдағы сапары секілді табысты өтеді деп сенемін – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қараша күні Ресей Президенті Владимир Путин елімізге ресми сапармен келетіні айтылған болатын.