Депутат Бас прокуратураның "ескі Қазақстандағы" қылмыстарды тексеруге құлықсыздығын сынады
Бұл туралы Парламент депутаты Абзал Құспан Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Қоғамда ескі Қазақстанда орын алған коррупция, белгілі бір саяси топтың мүддесі үшін қабылданған шешімдердің бар екені белгілі. Соңғы уақыттарда, аталған мәселелер бойынша ірі саяси қызметте болған азаматтардың әртүрлі әлеуметтік желілердегі мәлімдемелері қоғамда қызу талқыға түсуде. Мысалы, бұрынғы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы болған А. Шабдарбаевтың өзі бірнеше рет ашық сұхбаттар берді. Бұрынғы төраға, генерал-лейтенант Шабдарбаевтың сол кездегі мемлекет басшылығы тарапынан уран кеніштері кімге, қалай үлестірілгені туралы сұхбаттарда нақты мысалдары бар. Ол кісі әртүрлі саяси фамилияларды атап, кімнің қандай қылмысқа барғанын әшкереледі – деді депутат өз сауалында.
Жер-қазба байлықтарына байланысты, олардың заңсыз үйлестірілуіне тікелей дәлелмен Мұхтар Жәкішев, тағыда басқа бірқатар азаматтардың ашық сұхбаттары, мәлімдемелері жарияланып, онда ірі компанияларға Қазақстан халқына тиесілі байлықтың таратылуы, заңсыз берілу нақты айтылған.
Аталған азаматтардың сұхбаттары миллиондаған көрілім мен мыңдаған пікір жинағанын бәріміз көріп отырмыз. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары, прокуратура тарапынан ешқандай реакция байқалмайды. Бірде бір мәселе көтерілмейді. Осы ретте, еліміздің заңдары не дейді?! Қолданыстағы ҚР Қылмыстық-процесстік Кодекстің 180 бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар негіз болатыны анық-қанық көрсетілген – деді Абзал Құспан.
Жоғарыда аттары аталған азаматтарың саяси қызметте болғанын білеміз, олардың мәлімдемелерінің негізі бар деп есептеуге болады.
Тіпті олай болмаған жағдайдың өзінде, ақпарат ҚПК 180 бабының талаптарына сәйкес, СТБТ (ЕРДР) тіркеліп сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп оның нәтижесі халыққа хабарлануы керек деп білемін. Себебі, БАҚ-а жарияланған қылмыс туралы ақпараттарды СТБТ-ға тіркеу құқық қорғау органдары үшін талқылауды қажет етпейтін, императивті норма! Осындай ашық ақпараттарды Бас Прокуратура құқық қорғау органдарынан уақтылы тексеруді талап етпеуі, ел арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің тарауына себеп. Жоғарыдағы айтылғандарды ескере отырып, Бас прокуратура - заңдылықтың орындалуын қадағалайтын Конституциялық орган ретінде, қоғамда резонанс тудыратын саяси мәлімдемелерге дер кезінде құқықтық баға беруі, дәлелдер мен дәйектер жеткілікті болған жағдайда қылмыстық істің сотқа жеткізілуін қамтасыз етуі қажет – дейді депутат.