Қазақ-қырғыз бауырластығы нығая түсті
Қазақ-Қырғыз парламенттері арасындағы байланыс нығая түспек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Бішкек қаласында Қырғызстан Жогорку Кенешінің 85 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Қазақ-қырғыз бауырластығы ғасырлармен өлшенеді. Бүгінде «айырқалпақты» ағайнмен өзара байланыс көпке үлгі. Алатаудың бөктерін қатар жайлаған егіз халық болашаққа бірге қадам баса бермек. Бүгін алқалы жиында тараптардың да айтқаны осы болды.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев әріптестерін мерейлі датамен құттықтады. Жогорку Кенеш елдің дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, маңызды шешімдер қабылданатын жалпыұлттық алаң ретінде айрықша рөл атқаратынын атады. Екі ел парламенттері арасындағы берік байланысты тілге тиек етіп, ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті зор, - деді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазақ пен қырғыз – тамыры мен тілі бір, тарихы ортақ, бауырлас халықтар. Біздің дәстүріміз бен мәдениетіміз де ортақ. Сондықтан қырғыз ағайынның әр жетістігін, бағындырған әр белесін ерекше қуанышпен қабылдаймыз. Қырғызстан заң шығару органының 85 жылдығы, шын мәнінде, елдің мерейі. Бұл – берік мемлекеттіліктің жарқын көрінісі. Осы уақыт ішінде Қырғыз парламентаризмі түрлі кезеңді бастан өткеріп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді Қазіргі таңда Жогорку Кенеш – тәуелсіз Қырғыз елінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып отырған маңызды мемлекеттік институт. Алдағы уақытта да Жогорку Кенеш бауырлас халықтың игілігі жолында нәтижелі жұмыс істей береді деп сенеміз.
1938 жылы алғашқы отырысын өткізген Жоғарғы Кенеш осы уақыт ішінде түрлі кезеңді бастан өткерді. Сан құлап, қайта аяққа тұрды. Бауырлас ел тәуелсіздік алғалы жетінші шақырым депутаттары жұмыс істеп жатыр. Қазір ТМД елдерімен оның ішінде қазақ Парламентімен байланысы мығым.
Шингиз Айдарбеков, Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты:
- «Қырғыз-қазақ бір туған» деген сөз бекер емес. Біздің рухани байланысымыз ежелден мығым. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін елдеріміздің даму жолында парламентаризм институтының орны ерекше болғанын атап өткім келеді. Біз бұл тұрғыда қазақстандық әріптестеріміздің еңбегін жоғары бағалаймыз.
Сондай-ақ Сенат төрағасы ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты.
Мәулен Әшімбев Өзбекстан және ресейлік әріптестерімен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар парламентаралық іс-қимылды арттыру, мәдени және гуманитарлық байланыс, сондай-ақ шекара маңындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Бақыт Чермашев.