Президент тапсырмалары: әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту жолында

Әділетті Қазақстанды құру, қоғамды трансформациялау, елімізді шынайы демократиялық институттары дамыған мемлекетке айналдыру үшін ауқымды жұмыс атқару керек.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұлықтау рәсімінде айтқан. Сарапшылардың пайымынша қазірдің өзінде Президент тапсырмаларының дені жүзеге асып, жемісін беріп жатыр.

Саяси жаңғыру үдерісі

Былтыр ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыратынын айтқан. Жаңа саяси маусымды Президент сайлауы бастап берді. Бұдан соң өзге де маңызды науқандар өтті.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сенаттың жарты құрамын сайлап үлгердік, мәслихат пен Мәжілісті сайлап үлгердік және жаңа жүйемен сайлап үлгердік. Өткен жылы басталған ауыл әкімдерінің сайлауы биыл 42 аудан мен 3 қаланың әкімдерін эксперименталды сайлауға алып келді. Шынын айту керек, біз – Орталық Азиядағы осындай қадамға барып жатқан тұңғыш мемлекетпіз.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сайлаудан кейін елде басталған өзгерістердің нәтижесінде сең қозғалған нышан бар. Айтып өткен, Жаңа Қазақстанды құру жөнінде, елде әлеуметік әділеттілік қалыптастыру жөнінде және саяси реформалар жүргізу жөніндегі ынта ықылас бар.

 

Әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту шаралары

Президент әрдайым әлеуметтік жағдайға назар аударады. Жалақыны көтеру, мектеп және аурухана салу, жұмыспен қамту сынды мәселелер қалай шешелетіні әрбір қазақстандықты алаңдататыны сөзсіз. Айтпақшы, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап елде ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады. Бұл 2 млн-ға жуық отандасымыздың жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек.

Дина Айкенова, саясаттанушы:

- Біздің Ата Заңымызда Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп жазылғандықтан, осы бағыт әр кезде басым болуы керек. Мәселен, білім беру саласына тоқталғанда мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар біртіндеп азайып, жеке кәсіпкерлердің гранттары көбейетіні қызықтырып отыр. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын.

Әлеуметтік әділеттілікті атағанда елден заңсыз шығарылған активтерге де тоқталу қажет. Ұлықтау рәсімінде Президент Үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлейтіндігін айтқан. Бүгінде бұл маңызды құжат қысқа мерзім ішінде Парламентте қабылданды. Қазір заңсыз шетел асып кеткен қаражатты қайтару бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір өзінде 1 трлн теңгеге жақын қайтарылды. Енді түскен ақшаға әлеуметтік мәселелер шешішелді, сонымен қатар Пезидент біздің экономикамызды төртінші, бесінші өнеркәсіптік айналымға жеткізу жөнінде нақты тапсырма қойған болатын. Міне, осы қаржының барлығы біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласын жалпы модернизациялауға кетеді және соның аясында біздің еліміздің интеллектуалдық-әлеуметтік деңгейі міндетті түрде өсетін болады.

Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығы ауылдарды дамыту мәселесі туралы болды. Бүгінде Қазақстан халқының 40%-ке жуығы ауылда тұрады. Құжатқа сәйкес алдағы 5 жылда елді мекендерді көркейту міндеті тұр. 2029 жылға қарай елде 3 млн-нан астам адам еңбекпен қамтылуы керек. Яғни, 450 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Халықтың екі қолға бір күрек табуына ұлттық жобалар мен кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған шаралар сеп болмақ.

Авторлары: Риат Шони, Асхат Қарақойшиев.