Үкіметте еліміздің көлік-транзиттік әлеуеті талқыланды
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Алдағы жылдары еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттыратын 1300 шақырымнан астам теміржол салу жоспарланған. Атап айтқанда, бұл – Достық–Мойынты, Бақты–Аягөз, Дарбаза–Мақтаарал желілері және Алматы маңы айналма жолы. Сонымен қатар қолданыстағы теміржолдарды жөндеу, жаңа локомотивтер мен вагондар сатып алу, стансалар мен вокзал кешендерін жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Премьер-Министр отандық тауар өндірушілер тарапынан келіп түскен барлық шағымдарды талдап, жүк тасымалы кезіндегі кедергілерді жою жөніндегі пәрменді шаралар әзірлеу қажеттігін атап өтті.