Сайлауалды бағдарламаның басым бағыттары
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында елдегі білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытудың негізгі мақсаттарын айқындап берді.
Бүгін Primeminister.kz сайтында бір жыл ішінде осы бағытта атқарылған жұмыс туралы топтама жарияланды. Бағдарламаны іске асыру аясында 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы көлемі: бакалавриат студенттеріне 20%-ға, магистратура мен докторантурада оқитындарға 15%-ға, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне 50%-ға артты. Жалпы, 2025 жылға қарай студенттер шәкіртақысының мөлшері кезең-кезеңмен 2 есе өседі. 2023 жылы 10,9 мың орындық 44 жатақхананы іске қосу жоспарланған. 1 қыркүйектен бастап республикадағы барлық 1-4 сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын өз бетінше сатып алу үшін әр балаға кемінде 40 мың теңге алды. Барлығы 463 мың бала қамтылып, 19 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. 2026 жылға дейін 740 мың орындық 369 жаңа форматтағы мектеп салынады.