Қазақстандық делегация Германияға жұмыс сапарымен барды
Қазақстан мен Германия үкіметтері екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Премьер-министрдің бірінші орынбасары бастаған делегация Берлинге жұмыс сапармен барды. Роман Скляр Германия вице-канцлері Роберт Хабекпен келіссөз жүргізіп, бизнес өкілдерімен кездесті.
Германия – Қазақстанның ірі сауда серіктесі әрі маңызды инвестор. Биыл екі ел ынтымақтастығында елеулі қадамдар жасалды. Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға табан тіреп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Енді соларды жүзеге асыру үшін бірінші вице-премьер Роман Скляр Берлинге барып отыр. Ол вице-канцлер Роберт Хабекпен кездесіп, жасыл сутегі бойынша жобаларды жүзеге асыру және экономикалық байланысты кеңейту барысын талқылады.
Ернат Бердіқұлов, «Самұрық-Қазына» АҚ стратегиясы мен активтерді басқару жөніндегі атқарушы директоры:
- Сапар аясында неміс әріптестерімізбен серіктестікті нығайтуды кеңірек талқыладық. Қазақстанда газ саласында жұмыс істеп жатқан The Linde Group, Lufthansa және геологиялық барлау бірлестіктерінің өкілдерімен кездестік. Неміс компанияларының біздің елге қызығушылығы жоғары. Былтыр Қазақстан Германиямен сауда жағынан серіктес 50 ірі елдің қатарына қосылды.
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары неміс компанияларының басшыларымен кездесті. Оларға елімізге келіп бизнес жүргізудің артықшылықтарын жеткізді. Жалпы көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісіндегі серіктестікке серпін беру көзделген. Сарапшылар машина жасау саласында да ынтымақтастықты дамытуға шақырып отыр.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының президенті:
- Машина жасау секторында әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды. Бұл Қазақстан үшін де өте маңызды. Өйткені Германия – осы салада жетекші мемлекеттің бірі. Сала мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 25%-ін құрайды. Жыл сайын 300 миллиард еуроға өнім өндіріледі. Сондықтан осы сектордағы неміс бірлестіктерімен ынтымақтастық маңызды. Ол технологияларды тарту үшін де тиімді.
Кездесуде тараптар келешек жобаларды қарастырды. Мәселе өндірісті толығымен елімізде дамытуға қатысты болып отыр. Басты мақсат – неміс сапасы сияқты «Қазақстанда жасалған» деген брендті сәтті қалыптастыру. Неміс бизнесмендері де Қазақстанмен байланысты арттыруға ниетті.
Пэр Бродерзен, Германия агробизнес альянсының директоры:
- Берлиндегі келіссөздер екі елдің экономикалық ынтымақтастығының әлеуеті жоғары екенін көрсетті. Оның ішінде ауыл шаруашылық секторы бар. Басқосуда жаңа серіктестер тауып, олармен мәселені тікелей талқылауға мүмкіндік болғанына қуаныштымыз. Соның бірі – дән өндіру. Неміс кәсіпкерлері осы бағытта түрлі жобаларды ұсынып, технологияларын бөлісуге дайын.
Мирко Новак, Гамбург сауда палатасы Шығыс Еуропа бойынша жұмысшы топтың төрағасы:
- Екіжақты қарым-қатынас өте жақсы дамып келеді. Біз неміс бизнесінің Орталық Азияға қызығушылығының артып келе жатқанын байқап отырмыз. Әрине, Қазақстанның маңызы ерекше. Сіздерде бизнеспен айналысуға қажетті ресурстар, кадрлар сияқты көптеген артықшылық бар. Келіссөздер көптеген бірлескен жобаны жүзеге асыруға септігін тигізеді деп сенемін.
Германия үкіметі Қазақстанды экономикалық ынтымақтастықты терең дамытқысы келетін 34 елдің тізіміне енгізген. Берлин бұл мемлекеттерді саяси тұрғыдан тұрақты әрі сенімді сауда серіктесі деп таныған. Сарапшылар бұл Астана мен Германия арасындағы іскерлік байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді деп отыр.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева.