Қазақстан мен Корея ынтымақтастығы
Сутегі энергиясы мен электромобильдерге арналған аккумуляторлар өндіру Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығының да жаңа бағытына айналуы мүмкін.
Орталық Азия елдері мен Оңтүстік Кореяның сараптамалық орталықтарының өкілдері бас қосқан дөңгелек үстелде осындай пікір айтылды. Кездесуге Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми хатшысы Әсел Назарбетова қатысты. Сарапшылар қазір Еуразия аймағында Орталық Азияның геосаяси және геоэкономикалық маңызы арта түскенін мәлімдеді. Ал Оңтүстік кореялық мамандар Қазақстан мен өңірдегі басқа да елдер Сеулмен сирек кездесетін металдарды жеткізу, электр және атом электр станцияларын, ақылды фермалар салу, көлік, логистика және туризм салаларында ынтымақтастық орнатуға бейілді екенін айтты. Сөйтіп, форумды тұрақты түрде өткізуге уағдаласты.
Чон Мин Хен, Корея халықаралық экономикалық саясат институтының сарапшысы:
- Орталық Азия елдерінің Оңтүстік Кореяға шикізат жеткізуге мүмкіндігі бар. Бұл кен орындарын игеру үшін инвестиция және технологиялар тартуға жол ашпақ. Геосаяси жағдай күрделенген қазіргі кезде кәсіпкерліктің жаңа бағыттары пайда болды. Шағын және орта бизнес өкілдері осыны пайдалану білгені жөн.
Әсел Назарбетова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ғылыми хатшысы:
- Цифрлық және креатив экономиканың мүмкіндіктері мен баламалы энергия көздерін қарастыра отырып, Корея технологияларын пайдалану арқылы біз өз өндірісімізді жаңа деңгейге көтере аламыз. Сондай-ақ электромобиль жасау ісі де үлкен басымдыққа ие.