Сенімді еселеген саяси реформа
Президент сайлауалды тұғырнамасында саяси реформаға ерекше мән берді.
Көрсетілген міндеттердің бір парасы бүгінде жүзеге асып үлгерді. Мәселен, биыл бірінші рет қалалар мен аудандар әкімдері сайланды. Пилоттық режимдегі сайлау шеңберінде 45 өңірдің әкімі қызметіне кірісті. Атап өтері, әкім жұмысына халықтың көңілі толмаса, жергілікті мәслихат оны қызметінен босату туралы мәселені көтеруге құқылы. Саяси сахнада басқа қандай өзгерістер орын алды?
Президент сайлауалды бағдарламасында саяси жаңғыру мәселесін айрықша айтты. Яғни ауыл және аудан-қала әкімдерін, мәслихаттар депутаттарын тікелей сайлау жолға қойылды. Сондай-ақ облыс әкімін баламалы негізде тағайындау, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттар депутаттарын аралас жүйе бойынша сайлау тетігі енгізілді. Осылайша халық негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтті.
Қуаныш Сайлау, ҚСЗИ аға сарапшысы:
- Әкім мені сайлаған, қолдаған халық, соның алдында жауаптымын деп жауап береді. Осы тұрғыдан біз тиімділігін қарастырамыз. Бұл біріншіден. Екіншіден, әім, әрине жайдан жай сайланбайды. Халықтың көңілі қаншалықты толғаны осы бағдарламадағы пунктердің қаншалықты орындалғанына байланысты болады.
Ауыл әкімдерінің сайлауы алғаш рет 2021 жылдың шілдесінде өтті. 730 ауылдық округтің әкімі сайланды. Сайлау нәтижесінде ауыл әкімдерінің 70 пайызы жаңарды. Ал, биыл пилоттық режимде қалалар мен аудандар әкімдері сайланды. Жаңа әкімдер бұл қызметті 4 жыл атқарады. Бұл әрине бұрынғыдай бір адамның өңірді ондаған жылдар бойы билеп төстеуіне жол бермейді. Сондай-ақ бюджет заңнамасындағы өзгеріс әкімдердің байлаулы қолын босатты.
Дина Әйкенова, саясаттанушы:
- Жер, су ресурстарынан түскен салық жергілікті бюджетке түсіп отырады. Бұл биылдан бастап енгізілген жаңалық. Яғни жаңа механизм әкімнің еркін қимылдауына жол ашты. Әкім жоғары жақтан қаржы сұрамай, өз бюджетіндегі қаржының арқасында кейбір мәселені өзі шешуге мүмкіндік алды.
Саяси реформа «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға елеулі серпін бермек. Президент 7 жылға және тек бір мәрте сайланатын болды. Осылайша, қазақстандық қоғам суперпрезиденттік жүйеден бас тартты. Бұл өз кезегінде халықтың келешекке деген сенімін еселей түсті. Яғни Мемлекет басшысы атап өткендей, саяси жаңғыру экономикалық өзгерістерге ұласуы тиіс.
Нұрқанат Қанапия, Руслан Әлиев