Қазақстан Халықаралық сенім қорын құруды ұсынды
Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт ұйымына 2 жыл төрағалық етеді.
Бұған дейін аталған міндетті Мексика атқарып келген еді. Нью-Йоркте Шартқа мүше елдердің екінші конференциясы өтіп, оған қазақ Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысты. Халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған басқосудан әріптесіміз Айжан Сыдықова тарқатсын.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Еліміздің Сыртқы істер министрі конференция сессиясында ядролық қаруды сынау мен қолданудың зардаптарына тоқталып, қатысушыларды жаһандық қауіпсіздікті нығайту мақсатында диалог пен сенім шараларына шақырды. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының биылғы БҰҰ мінберінен жасаған «Әділетті бейбітшілік пен келісім үшін бүкіләлемдік бірлік» деп аталатын бастамасына назар аударды.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Бұл бастаманың негізі – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына, халықаралық құқыққа және өзара құрметке негізделген «тең диалог» формуласы. Мен барлық халықтарды бірге жұмыс істей отырып, бүкіл адамзат игілігі үшін тұрақтылық, қауіпсіздік және өркендеу тарауын ашуға бағытталған осы көреген іске қосылуға шақырамын.
Басқосуда делегация басшысы Қазақстан мен Кирибати бірлесіп әзірлеген ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіруге қатысты жобаларды қаржыландыру үшін Халықаралық сенім қорын құруды ұсынды.
Айта кетейік, Кирибати – Тынық мұхиттағы арал мемлекет. Оның аумағында Америка мен Британия 39 рет ядролық сынақ өткізген.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Жарты ғасырда Семей полигонында Кеңес үкіметінің жасаған ядролық сынақтары мен радиация кесірінен денсаулығынан айырылған миллионнан астам қазақстандық әлі күнге дейін азапты ауыр зардаппен күн сайын күресуге мәжбүр. 18 мың шаршы шақырымнан астам жер ластанды, бұл шамамен Нью-Джерси штатына тең. Осынша аумақ өмір сүру үшін жарамсыз болып қалды.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Алда қазақстандық делегация ядролық сынақтардан зардап шеккендерге қолдау көрсету мен қоршаған ортаны қалпына келтіруге бағытталған шараларды қатар жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ядролық қарусыз аймақтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған конференция 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Жалпы 122 ел дауыс беріп қолдаған Ядролық қаруға тыйым салу келісімі 2 жыл бұрын күшіне енген болатын. Бұл құжат әлем тарихында алғаш рет ядролық қаруды иеленуге халықаралық құқық негізінде тыйым салды. Қазіргі таңда келісімге 93 мемлекет қол қойса, оның 69-ы Шартты ратификациялады.
Авторы: Айжан Сыдықова.