Президент Сауд Арабиясының Тақ мұрагеріне құттықтау жолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі, Ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудты және барша сауд халқын "EXPO-2030" халықаралық көрмесін Рияд қаласында өткізуге қатысты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады.

Еліңіздің айтулы шараны өткізуші ретінде таңдалуы Корольдіктің жаһандық деңгейдегі мәртебесін дәлелдейді. Қазақстанның басты серіктестерінің бірі Сауд Арабиясымен ынтымақтастығымыздың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын зор ризашылықпен атап өтемін.

Әлеуеті жоғары қарым-қатынастарымызды халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі дамыта түсетінімізге кәміл сенімдімін, деп жазылған жеделхатта. Сондай-ақ мемлекет басшысы Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың аса жауапты қызметіне толағай табыс тіледі.