Қ. Тоқаев климаттық саммитке қатысады
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттық саммитінің пленарлық отырысында сөз сөйлейді.
Сосын мемлекеттер мен бизнес құрылымдардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізеді.
Қорған Қонысбайұлы:
- Таяу Шығыстың сауда және қаржы орталығына айналған Дубайда бұл күндері қарбалас. Араб жерінде БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы басталды. Дубай 200-ге тарта елден шамамен 70 мың делегатты қарсы алып жатыр. Бұрын соңды бұл конференцияға осынша адам келген емес.
70 мың делагаттың 10 мыңға жуығы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі. Биылғы жиынның ұраны - «Бірігу. Әрекет ету. Іске Асыру». Яғни 200-ге тарта елдің өкілі, оның ішінде мемлекет басшылары климаттың өзгеруін талқылап, осы бағытта бірігіп әрекет ету жайын пысықтайды. 28-ші конференцияға төраға ел Біріккен Араб Әмірліктері. Климаттық саммиттің күн тәртібінде - Париж келісіміндегі міндеттемелерді орындау. Бұл құжат 2015 жылы қабылданған. Еліміз осы Париж келісімін ТМД аймағында бірінші болып ратификациялады және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде ұлттық стратегия әзірледі. Бүгінгі саммитте тараптар Париж келісіміндегі міндеттемелердің орындалуына қатысты есеп бермек. Белгісі, біздің үкімет 2035 жылға қарай 11 гигаватт таза энергия көздерін енгізуді және энергетика секторын толығымен жаңғыртуды жоспарлап отыр.
Айдар Есембаев, халықаралық Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы департаментінің директоры:
- Бұл конференциядан көп үміт күтіп отырмыз. Пікірталастар болады. Егер энергетикалық сектор туралы айтатын болсақ, онда бірінші кезекте парниктік газды азайтуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларға көшу мәселесі кеңінен талқыланбақ. Шынын айту керек, бұл мәселе қазір өзекті болып барады. Сосын да көптеген елдің басшылары бір алаңда бас қосып отыр.
Конференцияның тағы бір міндеті - құрғақшылық, су тасқыны және теңіз деңгейінің көтерілуі сияқты климаттың өзгеруінен орны толмас шығынға ұшыраған елдерге көмектесу үшін әлемдегі алғашқы климаттық қор құру. Саммиттен бірнеше апта бұрын дамыған және дамушы елдердің өкілдері қорды басқару құрылымын мақұлдады. Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі таза энергетикаға бағытталатын инвестицияларды ынталандыру үшін 25 миллиард доллар қаражаты болатын арнайы қор құратынын жариялайды деп күтілуде. Бүгін және ертең мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары экология, азық-түлік қауіпсіздігі, табиғи апаттар, энергетика салаларын қолдауға қатысты мәлімдемелер жасамақ. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы да осында. Климаттың өзгеруіне бас қатырып жүргендердің бірі - Антониу Гуттериш. Сосын да болар Гуттериш мырза саммит өтетін жерге қарсы алушы тараптың президенті Мұхаммед бен Заид Аль Нахайяннан бұрын келді. Климаттық конференцияға қазақ басшысы да қатысып, баяндама жасайды.