1 желтоқсан – президенттік институттың негізі

Бүгін – Тұңғыш Президент күні. 2012-2021 жылдары мемлекеттік мереке ретінде тойланды.

Ал былтырғы қыркүйектен бері бұл тізімнен шығарылды.

Мәжілістің таратқан мәліметіне сәйкес, Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні сияқты қоғамдық маңызы жоғары датаға айналды. Бұл – президенттік институт саласындағы ауқымды реформаның бастауы еді.

Осыдан 12 жыл бұрын Сенат 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде бекітті.

Әрине, бұл датаның таңдалуы кездейсоқ емес. 1991 жылдың дәл осы күні Қазақстанда алғаш рет президент сайлауы өткен-ді. Сөйтіп, 9 жыл бойы жоғары деңгейде тойланып келді. Алайда, былтыр мемлекеттік мерекелер тізімінен алынды. Әйтсе де, сарапшылар бұл күннің тарихи маңызы зор екенін айтады.

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- 1 желтоқсан біздің тарихымызда бәрібір қалады. Мемлекеттік деңгейдегі мереке болмаса да, тарихи өте маңызды дата. Жалпы, президент институты – қазақтың тарихында бұрыннан келе жатқан институт. Ең алғашқы президенттік институтты саяси жүйеге енгізу керек деген, 17-жылғы Алаш партиясының бағдарламасы болатын. Президент институты – қоғамның бірегейлігін сақтап қалатын институт ретінде біздің саяси жүйенің негізгі институттарының біріне айналды.

2019 жылы елімізде саяси жаңғыру басталды. Ал былтыр көктемде президент институтының реформасы түбегейлі қолға алынды. Қазақстан суперпрезиденттік жүйеден бас тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес.

Президент АMANAT партиясының төрағалығынан кетіп, кейін партиядан шықты. Осылайша, өзге де партиялардың бәсекелестігіне жағдай жасады. Тағы бір өзгеріс – Мемлекет басшысының бұрынғыдай аудан-қала әкімдерін қызметінен босатуына құқы жоқ. Осыған ұқсас бірнеше норма жойылды. Бұл реформа Президенттің қолын босатып, бар күш-жігерін стратегиялық дамуға арнауға мүмкіндік берді.

Алуа Жолдыбалина, ҚСЗИ директорының орынбасары:

- Президент өзінің инаугурациясынан кейін, мысалы 19 елге іссапарын жасады, халықаралық іссапарларын. Бұл не деген сөз? Президенттің басты, үлкен назары халықаралық саясаттағы, сыртқы саясаттағы мәселелерге арналған. Яғни, бүгінгі инвестиция мәселесі, одан басқа Қазақстанның басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы деген мәселелердің барлығына өзінің жұмысын, бүкілін соған арнап отыр.

Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынды. Яғни, ат төбеліндей топтың емес, халықтың мүддесі алдыңғы орында тұруы тиіс. Бүгінде елімізде табысты түрде жүріп жатқан президенттік институт саласындағы реформаның да көздегені осы.

Нұрқанат Қанапия, Ақылбек Есімсейітов, Наурызбай Құрманғазы, «Хабар-24».