Мемлекет басшысы Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөз сөйледі
Қазақстан метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға қатысты шешім қабылдады.
Мұны бүгін Дубайда өткен климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Алқалы жиында қазақ президенті тараптарды жаңа энергетикалық бастамаларымызға қолдау көрсетуге әрі Арал теңізін құтқару қорына көбірек қаржы бөлуге шақырды.
Бүгін Дубайда тарихи шешім қабылданды. Әлемде алғашқы климаттық қор құрылатын болды. Бұл 30 жылдан бері сиырқұйымшақтанып келе жатқан мәселе болатын. Әйтеуір тараптар ортақ байламға келді. Қорға дамушы елдер қаржы құяды. Климаттың өзгеруінен зардап шеккендерге жәрдем беріледі.
Қорған Қонысбайұлы:
- Таяу Шығыстың сауда және қаржы орталығына айналған Дубайда бұл күндері қарбалас. Араб жерінде БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы басталды. Дубай 200-ге тарта елден шамамен 70 мың делегатты қарсы алып жатыр. Бұрын соңды бұл конференцияға осынша адам келген емес.
Саммит Дубайдың оңтүстік бөлігінде орналасқан "Экспо-Сити" аталатын шағын қалашықта өтті. 2021-2022 жылдары мұнда Таяу Шығыстағы алғашқы дүниежүзілік "ЭКСПО" көрмесі ұйымдастырылған еді.
БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші кездесуі. Қысқартып айтса COP-28. Бұл жиһандағы ең ауқымды экологиялық жиын. Конференция барысында әлемдегі климаттың жай-күйі талқыланып, дүйім дүниеге қатысты шешімдер қабылданады.
БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы 1992 жылы қабылданған еді. Осы құжатқа қосымша ретінде 1997 жылы Киото хаттамасы, ал 2015 жылы Париж климаттық келісімі бекіді. Біздің ел осының бәріне мүше. Париж келісіміне сәйкес,,, құжатқа қол қойған барлық мемлекет,,, жаһандық температураның 2 градус цельсиядан көтерілуіне жол бермеуге және оны 1,5°C-қа дейін шектеуге һәм парниктік газды азайтуға міндетті. Еліміз ОА аймағында бірінші болып осы Париж келісімін ратификациялады және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде ұлттық стратегия әзірледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ «жасыл» сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Біз осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз. Қазақстан – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет. Бұл ретте еліміз дүниежүзі бойынша уранның 43 пайыз тасымалын қамтамасыз етеді.
Қазақ басшысы алдағы онжылдықтарда аса маңызды минералдар баға жетпес ресурсқа айналады деді. Ал жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдететін ең жылдам тәсіл - метан қалдықтарын азайту болмақ. Қазақстан болса аймақта көмір арылуға ұмтылып отырған мемлекет. Сондықтан қазақ президенті өзге елдерді біздің энергетикалық бағдарламамызға қолдау көрсетуге шақырды. Сосын Арал проблемасына тоқталды. Теңізді құтқару қорына көбірек қаржы бөлу керек деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан келесі жылы қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы шеңберінде «Біртұтас су» атты бірінші тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиынға тең төраға болатынымызға қуаныштымыз. Биылғы КОП 28 саммитінің табысты өткенін ескере отырып, барлық қатысушы мемлекетті 2024 жылдың маусым айында ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумына қатысуға шақырамын. Форум климатқа қатысты осы өткір мәселелер бойынша мақсатты ынтымақтастықты КОП29-ға дейін жалғастыру үшін диалог алаңы бола алады. Орталық Азиядағы климатқа қатысты іс-қимылдарға тың серпін беру мақсатында біз БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өткізуге шешім қабылдадық.
Кейінгі жүз жылда әлемде парниктік газ тым көп бөлінді. Содан климаттың өзгеруі де жылдамдай түсті. Мұның зарбабы домино тізбегі іспеттес, бірінен кейін бірі кете береді. Мұздықтар еріп, су тапшы бола бастады. Экологиялық тепе теңдік бұзылды. Су тасқыны, лай көшкіні мен дүлей дауыл жиілеп, құрғақшылық қысты.
Қорған Қонысбайұлы:
- Арабтың шөл даласындамыз. Қазір мұндағы температура 30 градус. Ғалымдар 2023 жылды жер шарындағы ең ыстық жыл болды деп мәлімдеді. Жалпы жұмыр жерде соңғы сегіз жылда ауа температурасы күрт өскен. БҰҰ климаттың өзгеруі - заманның басты проблемасына айналғанын айтады.
Климаттың өзгеруіне бас қатырып жүргендердің бірі Антониу Гутерриш. БҰҰ бас хатшысы қазба отындарды жағуды тоқтату керек деген пайымда. Бас хатшы саммитте өткір мәлімдеме жасады.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Жаһандық жылыну деңгейін бір жарым градусқа дейін шектеу үшін біз қазба отындарды пайдалануды доғаруымыз керек. Өндіріс орындарын жаңартылатын энергияға көшуге ынталандыру қажет. Мен осы орайда үкіметтерді баламалы қуат көзіне басымдық беруге шақырам. Егер, өндіріс орындары қазба отынынан бас тартпаса субсидияны тоқтатып, табыс салығын арттыру керек.
Осы орайда бізде 2035 жылға қарай 11 гигаватт таза энергия көздерін енгізу және энергетика секторын толығымен жаңғырту жоспарланып отыр. Ол үшін Жамбыл, Жетісу, Ақмола облыстарында жел электр станциялары бой көтереді. Мемлекет басшысының Дубайға сапары аясында «Самұрық Қазына» Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабиясының және Францияның алпауыт компанияларымен келісімге келді.
Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы:
- Сол келісімге сәйкес 3 Гигават жел электр станциясын Қазақстан салатын боламыз. Толық инвестиция көлемі 4,5 млрд доллардан астам болады. Одан басқа біз G42 еншілес компаниясымен Присайд компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрамыз. Бұл айти саласындағы Әмірліктің көшбасшы компаниясы.
БАӘ климаттың өзгеруіне қарсы жобаларды қаржыландыру үшін жаңа қор құрады. Президент Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян қор қаражаты инвестиция ретінде дамушы елдердегі климаттық жобаларға бағытталады деді.
Мұхаммед Бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Президенті:
- Мен жаһандық климаттық шешімдер үшін 30 миллиард долларлық қор құратынымызды хабарлаймын. Alterra деп аталатын қор 2030 жылға қарай жалпы сомасы 250 миллиард долларды құрайтын инвестициялық жобаларды қаржыландырады.
Климаттың өзгеруі қазір жылдам жүріп жатқан процесс. Алысқа бармайық,,, Астананың өзіне қас бүгін түсті. Мұндай құбылыс бас қалада алғаш рет байқалды. Әйтпесе қарашаның ортасында бізде қар жататын. Президентінің кеңесшісі әрі халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова температураның өзгеруі әсіресе ОА аймағында қатты бақалып жатқанын айтады.
Зүлфия Сүлейменова ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:
- Конференциядағы тарихи жаңалық - әлемде алғашқы климаттық қор құрылатын болды. Бұл өзі 30 жыл бойы қабылданбай келе жатқан шешім еді. Дубайда сәті туды. Қорға дамушы елдер қаржы құяды. Сөйтіп құрғақшылық, су тасқыны және теңіз деңгейінің көтерілуі сияқты климаттың өзгеруінен орны толмас шығынға ұшыраған елдерге жәрдем беріледі. Біріккен Араб Әмірліктері қорға 100 миллион доллар салатынын хабарлады. Германия да 100 миллион доллар бөлуге уәде берді. АҚШ пен Жапония да шет қалмаймыз деп отыр.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы