Қазақстан ЕҚЫҰ-ны сақтауға шақырды
Солтүстік Македония астанасы Скопьеде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің 30-отырысы аяқталды.
Жиында Ұйымға биыл төрағалық еткен Солтүстік Македонияның жұмыс қорытындысы жасалып, әлемдік қауіпсіздікке төнген қатерлерге қарсы күрес барысы талқыланды. Еуропадағы қауіпсіздік жыне ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері қандай шешімдерге келді?
Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға байланысты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы дағдарысқа тап болды. Мұны Скопьеге жиналған министрлердің бәрі мойындап отыр. Тығырықтан шығу жолын өзге елдермен бірге Қазақстан да ұсынды. Мұрат Нұртілеу әріптестерін Астана декларациясын берік ұстануға шақырды. Ол ең алдымен тұрақтылықтың маңызы зор деді. Осы тұрғыда Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму аймақтық орталығының құрылуы дер кезінде қолға алынған іс болды. Сондай-ақ Нұртілеу жаңа Транскаспий көлік дәлізі Азия мен Еуропаға өте қажет екенін жеткізді.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Сыртқы істер министрі:
- Қазақстан ірі инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға 35 млрд астам доллар инвестиция салды. Қытай мен Еуропаны байланыстыратын "Орта дәліз" біздің толық ауқымды сауда және инвестициялық өзара іс-әрекетімізге жаңаша серпін бермек. Әріптестерімізбен бірлесе отырып, біз осы дәліздегі кедергілерді жоюға баса назар аудармақпыз.
Шұғыл шешімді қажет ететін тағы бір өзекті мәселе климаттың өзгеруі.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Құрғақшылық, су тасқыны, аптап ыстық және орман өрті өршіп барады. Біз бұл келеңсіздерге қарсы күресті күшейтуіміз керек. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық делегацияны 2026 жылы Қазақстанда өтетін БҰҰ-ның аймақтық климат саммитіне қатысуға шақырамын.
Нұртілеу президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда қолға алған ауқымды саяси өзгерістері туралы баяндап, Австрия, Албания, Армения, Германия, Нидерланд, Ресей, Финляндия мен Швециядан келген әріптестермен, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы басшыларымен кездесулер өткізді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына келесі жылы Мальта төрағалық ететін болды. Ал Бас хатшы Хельга Шмид пен Ұйымның Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахмановтың өкілеттігі алдағы жылдың қыркүйегіне дейін ұзартылды.
Маттео Мекаччи, ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының директоры:
- Біз министр Мұрат Нұртілеумен жемісті кездесу өткізп, екіжақты ынтымақтастық барысын талқыладық. Мен Қазақстанда бірнеше рет болғанмын. Сайлау үдерісі, мониторинг, адам құқықтарын сақтау бойынша бірлескен жұмыстың бірнеше бағыты бар. Біз оны одан әрі нығайтуға мүдделіміз.
Жанат Эрнст, тілші:
- Бүгінгі әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыз кезеңінде Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын өзара диалог және түсіністік алаңы ретінде сақтауға және нығайтуға дайын екенін мәлімдеді. Еліміз осы бағытта жан-жақты жұмыс жүргізуге күш салатынын жеткізді.
Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов