Қазақстан мен АҚШ өкілдері бірлескен мәлімдеме жасады
Кеше Дубайда өткен климаттық саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға дайын еккенін жеткізген еді.
Бүгін сол конференцияда Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова мен АҚШ Президентінің Климат жөніндегі арнаулы өкілі Джон Керри бірлескен мәлімдеме жасады. Америка Құрама Штаттары серіктестерімен бірге Қазақстанның мұнай-газ секторындағы метан шығарындыларын азайтудың толық әлеуетіне қол жеткізуді қолдайды. Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауы бойынша аталған іске 2030-шы жылға дейін кемінде 1,4 миллиард АҚШ доллары керек. Бірлескен мәлімдемеде Қазақстан мен АҚШ-тың қазба энергия секторында метан қалдықтарын жылдам азайту жөніндегі саясат пен жобаларды іске асыруға өзара дайын екендігі айтылды.
Зүлфия Сүлейменова, ҚР Президентінің кеңесшісі – халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:
- Біз осы бағыттағы жұмыстарды белсенді қылайын деп жатырмыз. Яғни осы мәлімдемеде метан шығарындылары шығатын негізгі секторлар қамтылған. Осы бірлескен мәлімдеме щеңберінде АҚШ мемлекеті әріптестермен бірлесіп, Қазақстанда метанды қысқарту мүмкіндіктерін толыққанды жүзеге асыруға жәрдемдесетін болады. Мәселен мұнай және газ секторында кем дегенде 1,4 млрд доллар қаражатын мобилизациялауға жұмыс істейді және басқа секторларда қосымша инвестициялық мүмкіндіктер, инвестициялар тартуға жәрдемдесетін болады.