Қазақстан мен Чехия бизнес-форумы өтті

Чехия астанасында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Бизнес форумға екі елдің ресми өкілдері мен кәсіпкерлері қатысты.

Прагадағы Қазақстан-Чех бизнес форумына қатысушылар қарасы рекордты көлемде болды. Арасында ірі компания басшылары, инвесторлар мен саясаткерлер бар. Келіссөзге қазақстандық бизнесмендер де қатысты.

Петер Тржешняк, Чехияның Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары:

- Мұндай форумдар көп салада іскерлік байланыс орнатуға көмектеседі. Мысалы, энергетика, өнеркәсіп, авиаиндустрия, ауылшаруашылығын баса айтуға болады. Чехия Қазақстанға көлік жасау саласында тиімді жобалар ұсынуға дайын. Пайдалы қазбаны игеруге қажетті технологияларды да бөлісе аламыз.

Назира Нұрбаева, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Айта кететін болсақ Қазақстан мен Чехия арасындағы қарым-қатынас өте жоғары. Чехияның елімізге құйған инвестиция көлемі 300 миллион доллардан асады. Дегенмен осы екіжақты қарым-қатынасты одан да нығайтып, тереңдетуге әлеует бар. Біздің осы жердегі мақсатымыз Қазақстанның нарығыына еліміздің үлкен инвестициялық әлеуеті бар екенін көрсету.

"Қазақинвест" ұлттық компаниясы мен Чехия сауда палатасының өкілдері өзара ақпарат алмасып, екіжақты ынтамақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Чехия - көлік жасау саласында жетекші елдің бірі. сонымен қатар ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен және авиация секторында серіктестікті дамытуға қызығушылық бар.

Бақыт Дүйсенбаев, ҚР Чехиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Нанотехнология, сутегі өндіру, тау-кен сияқты жаңа салаларда түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы еуропалық елдердің Орталық Азия мен Қазақстанға қызығушылығы жоғары. Ынтымақтастық та жыл сайын кеңеюде.

Радек Якубский, Чехия сауда палатасының вице-президенті:

- Қазақстанның аумағы үлкен. Осы тұрғыдан ауыл шаруашылығы мен пайдалы қазбаны игеру бойынша ынтымақтастыққа мүмкіндік мол. Сіздің еліңіздің экспорттық әлеуеті зор. Сонымен қатар Ай-Ти, денсаулық сақтау және қорғаныс саласында да бірлесіп жұмыс жасауға әзірміз.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан Машина жасау одағы басқармасының төрағасы:

- Павлодарда травмвай, ал Алматыда троллейбус жасап шығару қарастырылып жатыр. Чехия біз үшін технологиялық жобаларды жүзеге асыру тұрғысынан маңызды. Өйткені бұл мемлекет машина жасау бойынша әлемнің ең озық 10 елінің қатарына кіреді. Чехиямен серіктестік жаңа технологияларға, инновацияға жол ашады.

Форумнан кейін жетекші чех компанияларының басшыларымен кездесу өтті. Инвесторлар еліміздің мемлекеттік органдарының өкілдерімен жүздесіп, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева