Президенттің Ақтөбе облысына сапары
Ақтөбеде жаңа драма театрын салу керек. Бүгін өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне осындай тапсырма жүктеді.
Өйткені осыдан сексен жыл бұрын ашылған ғимарат, әбден тозығы жетіп, қаусап тұр. Президент жүктеген тағы бір тапсырма - Ақтөбенің ауасын тазартып, экологиясын түзеу. Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысын да өз көзімен көріп қайтты.
Бұл Саржансай ауылының тұрғыны - Қайрат Қашқынбаев. Бұрынғы құрылысшы тауықтан табыс көремін деп ешқашан ойламаған еді. Көктемде «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 4 млн 800 мың теңге алып, 300 тауық сатып алды. Күніне 190 жұмыртқа алып, әр бірін 45 теңгеден сатты, дүкен ашты.
Қайрат Қашқынбаев, Саржансай ауылының тұрғыны:
- Шаруа жаман емес, жайлап жүріп жатыр. Әрі қарай дүкен аштық, жұмыртқа саттық, овощи, енді продуктовыйға айналып бара жатыр. «Программа на таком и нацелена же, повышения дохода населения, солай ғой? Сол енді болашақта көбейту жоспар бар, мына жерде үлкендеу салу.
Қайрат секілді арзан несие алғандар Ақтөбе аймағында көп. Берілген несие көлемі– 6,6 млрд теңге. Бірі, жылыжай ашты, енді бірі сүт пен ет өңдейтін цех ашты. Әйтеуір, мемлекет берген көмекті пайдаланып жатыр. Ауылға арнайы келген президентке бағдарламаның алғашқы нәтижесі таныстырылды.
Президентпен кездесуге бүгін Шалқар ауданынан Тайбек Аманжолұлы да келді. Екі қолы болмаса да, еңбек етіп, құс етін өңдеп, өндіріп отыр.
Тайбек Аманжолұлы, Шалқар ауданының тұрғыны:
- Екі қолым жоқтығына қарамастан, халқыма қызмет етейін деп құс шаруашылығын ашып, Ауыл аманаты бағдарламасымен несие алып, Шалқар аудандарының тұрғындарын құс етімен қамтамасыз етіп отырмын. Сізге елге ерекше қамқорлық жасағаныңыз үшін Шалқар ауданы тұрғындарының атынан сізге ризашылығымды білдіремін.
Ауыл аманатының арқасында Ақтөбе облысында 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарлама аясында да, одан тысқары да кәсіпкерлерге қолдаудың кемімейтінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.
- «Ауыл аманаты» деген бағдарламасы жақсы болып шықты. Өте тиімді екен. Сондықтан, бұл бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін біз барлық қолдауымызды көрсетеміз. Бұл бағдарламаға, жалпы бизнеске әсіресе шағын, орта бизнеске.
Бұл – Саржансай ауылы. Халқының саны – 1200-ге жуықтайды. Дені жастар. Шымыр, алғыр. Себебі, ауылда ашылған спорт кешенінен шықпайды. Мұнда футбол ойнайды, ұлттық құраманың Еуропа чемпионатынына шығатынына сенеді.
Әбдірахман Багитов, ауыл тұрғыны:
- Еуроға шығады, әрине шығады. Тек бір шанс қалды. Ол ұтады. 3-0 қылып ұтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.
- Алдарыңызда бір үлгі бар. Ақтөбе футбол клубы. Мен футболды жақсы білемін, қолдаймын. Стадионға барып, жанкүйер болып біздің командамызды қолдап жатырмыз. Сондықтан, футболдың келешегі зор деп болады деп Қазақстанда мен ойлаймын.
Бұл ауылдан шыққан олимпиада чемпиондары көп. Соның бірі – Дидар Әби.
Дидар Әби, комбат дзю-дзюцудан әлем чемпионы:
- Комбат дзю-дзюцудан 2023 жылғы әлем чемпионымын. Қазір жастарға өзімнің тәжірибеммен бөлісіп жатырмын, кеше ғана сізді телевизордан көріп едік, бүгін кездесу бұйырыпты. Келгеніңізге көп, көп рахмет.
Ақтөбе Қазақстандағы ең үлкен облыс. Маңызды облыс. Осыдан үш ай бұрын өңір басшысы болып тағайындалған Асхат Шахаров он айда өңір экономикасына 804 миллиард теңгеден астам инвестиция тарттық деп баяндады. Президент Шахаровқа шаһардың экологиясы туралы айтты. «Халыққа зияны көп». Ақтөбенің ауасын тазарту керек деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.
- Бұл жұмысты міндетті түрде соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе, халыққа зияны көп. Экология мәселесі өте өткір әрі өзекті. Сондықтан бұл мәселеге баса мән беру қажет.
Бұл – Зерде-Керамика зауыты. Мұнда керамогранит пен қыш плиталары шығарылады. Бұл зауыттың бір ерекшелігі - өндірістің барлық жұмысы толықтай автоматтандырылған. Нысанға 9,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды, осылайша Ресей мен Беларусқа, Өзбекстан мен Тәжікстанға экспорттап отыр.
Ерлан Тілеуқабылов, "Зерде-керамика Ақтөбе" зауытының директоры:
- Ақтөбедегі бұл зауытты іске қоспағанға дейін жылына 5 млн шаршы метр керамика шығаратын Шымкенттегі зауытымыз жұмыс істеп тұрды. Ақтөбе облысын таңдауымыздың бір себебі оның географиялық орналасуы еді. Ресей жақын, демек үлкен нарыққа шығу әлдеқайда логистика жағынан оңай болды.
Ақтөбеліктерді ортақтастыратын бір меже бар. Ол - миллиондық қалаға айналу. Осылайша Қазақстанның төртінші мегаполисі атану. Ақтөбе алып қалаға айналып барады, бірақ мектеп тапшы. Бұл ретте тағы сол жеке инвестициялар көмек береді. Соның бірі – Смарт білім мектеп гимназиясы.
Айгүл Арынғазиева, "Smart Bilim" гимназиясының директоры:
- Мектеп негізі Қазақстан бойынша ең үлкен мектеп болып саналады. 30 мың шаршы метрді құрайды. Екі ауысымда жеті мың балаға дейін біз қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Биылдыққа тек қана бірінші классқа 22 бірінші класс, 800-ге жуық бала қабылдадық. Мемлекеттік мектептердің ішінде үш ауысымдық мәселе болғандықтан, біздің мектепке осы мөлтек ауданның балалары келе алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі бес жетекші университеттің филиалын Қазақстанда ашуды тапсырған. Ақтөбедегі Жұбанов университеті әлемдегі ең мықты 250 университеттің қатарына енетін «Heriot-watt» келісім жасалды. Алғаш рет елдің 9 өңірінен 300 студент қабылданды.
Лаура Қарабасова, Жұбанов университетінің ректоры:
- Бұл инклюзивті жоба, бұл тек қана ағылшын тілін үздік білетін қала мектептерінің түлектеріне ғана арналмаған, біз 35% қабылданған студенттердің, ауыл мектептерінің түлектері болып табылады. Жалпы қабылданған студенттердің 42% мұқтаж, қолдауға мұқтаж түрлі әлеуметтік категорияның өкілдері болып табылады. Былайша айтқанда біз осы жоба арқылы біз қарапайым отбасыдан шыққан балаларға әлемдік стандарттарға сай үздік, сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз еттік деп те айтсақ та болады.
Филиал түлектері Heriot-Watt University мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дипломдарын бірге алады.
Бұл Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры. Жалғыз драма театры. Сексен жыл бұрын ашылған ғимарат ескіріп тұр, театр ұжымы жаңа ғимарат сұрап жүргенінен он жылдан асып кетті.
Сайлау Қамиев, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры:
- Cоңғы 15 жыл ғой деймін осы жаңа театр ғимаратын салу жөнінде көтеріліп келе жатыр. Бірақ, әлі іске аса қойған жоқ. Сондықтан да, біз қазір үміттеніп отырмыз.
Үміт үзілмеді, бүгін президент тапсырма берді. Ақтөбе жұртшылығына жаңа драма театрын салу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.
- Театр негізі жалпы жақсы, бірақ кішкене тозған екен. Сондықтан мен бүгін әкімге айттым, жаңа театрды салу керек деп.
Президент театрда зиялы қауыммен де кездесті. Президент күнде келіп жатқан жоқ, сондықтан шығармашылық жоспармен де бөлісуге болады.
Заң үстемдігін сақтау және ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру. Президент сапар барысында кездескен жасы мен жасамысына да осы екеуін нықтап айтты. Облысты көркейтуге үлес қосып жүрген жандардың әрбіріне алғысын білдірді.