Елде креативті индустрияны дамыту үшін заңнамаға өзгеріс енгізіледі

Қазір бірқатар ұсыныс әзірленіп жатыр.

Бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Палата жанындағы жас сарапшылар клубының отырысы өтті. Жиында осы креативті индустрияны дамыту жайы пысықталды. Мәулен Әшімбаев бізде бұл саланың әлеуеті зор екенін атап өтті. Сондықтан тиісті жағдай жасау керек. Әлемде жалпы ішкі өнімдегі креативті индустрияның үлесі 3 пайыз. Біздің елде бұл көрсеткіш 1 пайызға да жетпей тұр. Аталған салада азаматтарды жұмыспен қамту көңіл көншітпейді. Алдағы уақытта «Мәдениет туралы», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңдарға өзгеріс енгізіледі.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мәдениет және ақпарат министрлігі осы бағытта үлкен жұмыс жасап жатқанын білесіздер. Сондай-ақ министрлікте арнайы креативті индустрия департаменті құрылғанын естідік. Енді бұл тек бір министрліктің құзыретіндегі мәселе емес шығар, жалпы креативті индустрия деген мәселемен көптеген мемлекеттік органдар айналысуы керек. Сол себепті сіздер әрі қарай ведомствоаралық үйлестіруді де әрі қарай жүйелі жүзеге асырасыздар деп сенеміз.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева креативті индустрияны тек ірі қалаларда емес, өңірлерде де барынша дамыту қажет деді. Бұл бағытта жергілікті дарынды азаматтармен жұмыс істеп, олардың әлеуетін ашуға жағдай жасалмақ. Жалпы бүгінде креативті индустрия елдің бірқатар секторында қанат жайып келеді.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- 2-3 жыл бұрын Президентіміз осы саланы дамыту бойынша нақты-нақты бастамаларын айтқан болатын. Соның негізінде Үкімет арнайы тұжырымдама жасап, бұл саланың даму мәселесіне қатысты кешенді жоспар бекітіп, оны қазір жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатырмыз. Көріп отырмыз бүгінде креативті индустрия біздің өжалпы өімірмізде бар, оны біз кино саласында көріп отырмыз, дизайн саласында көріп отырмыз, оны мынау өнеркәсіпте көріп отырмыз.