Орталық сайлау комиссиясына 30 жыл толды

Әлемдік сайлау комиссияларының өкілдері елордада бас қосты.

Бірақ кезекті науқанды бақылау үшін емес. Бүгін Қазақстанның орталық сайлау комиссиясының құрылғанына 30 жыл толды. Айтулы күнге орай халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Елдегі саяси реформалардың бірден бір куәгері орталық сайлау комиссиясына 30 жыл толды. Айтулы мерейтойға орай, әлемдік сайлау комиссияларының өкілдері Елордада бас қосты. Әлбетте, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға жиналғандар үздік тәжірибелермен алмасуды көздеді. Мысалы, өзбек ағайындар біздегі цифрлық технологияларға қызығушылық танытты.

Зайниддин Низамходжаев, Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Қазақстанда IT технологиялар кеңінен енгізіле бастады. Өзбекстан Республикасының ОСК да жаңашылдықтарға бет бұрмақшы. Бұл қазіргі заманның талабы! Біз сайлаушыларымыздың барлық саяси іс-шарада еркін, ашық болуын қамтамасыз етіп, конституциялық құқықтарын пайдалануы үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек.

Елімізде демократияны нығайту ісі белсенді жүргізіліп жатыр. Әсіресе соңғы сайлау науқаны таңдаған бағыттың дұрыс екенін айқындады.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Көптеген беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, Қазақстан еркін және бәсекелі сайлау өткізу бойынша Қазақстан өзіне қабылдаған барлық міндеттемені ұстанады. Мемлекет басшысының, Парламент және мәслихаттар депутаттарының, сондай-ақ әкімдердің сайлауы біздің елімізде ұлттық заңнамаға және адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық актіде, ОБСЕ, Копенгаген құжатында қамтылған демократиялық сайлаудың жалпыға бірдей қамтылған қағидаттарына сәйкес өтеді.

Иә, 30 жылда елімізде 39 ірі сайлау өткен. Оның 3-еуі референдум, 7-уінде ел президентін таңдадық.

Мұхтар Ерман, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

- Соңғы 1 жылдың ішінде конституциялық реформа аясында өте маңызды ірі сайлау компаниялары өтті. Президент сайлау өтті, одан кейін сенат депутаттарының, мәжіліс, мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Жақында ғана алғашқы рет халқымыз тікелей 45 ауданның әкімдерін сайлады. Әрине, осындай үлкен жұмыстың нәтижесінен қорытынды шығаруымыз керек. Тәжірибе алмасуымыз керек.

Бүгінде облыстардағы сайлау комиссиялары да кәсіби негізде жұмыс істейді. Оның өзі өзгеге үлгі. Бұл туралы ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары мәлімдеді. Леонид Анфимов еліміздің әрбір азаматына таңдау жасау құқығы берілгенін атап өтті. 

Леонид Анфимов, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары:

- Осы 30 жылда біз 17 байқау миссиясын өткіздік. Заңнаманың бұзылуына немесе Қазақстанның сайлау жүйесінің халықаралық талаптарына сәйкес келмеуіне қатысты шағым болған жоқ. Барлығы өте жоғары деңгейде өтті және Біз ОСК мүшелерімен, жергілікті байқаушылармен тығыз байланыста жұмыс істедік.

Конференция аясында Қазақстан ОСК төрағасы Армения, Түркия және Өзбекстандағы әріптестерімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Мерей Мұратханқызы, Ербол Дайыров