Саяси реформа: жаңару баспалдағы
Президент сайлауалды тұғырнамасында саяси реформаға айрықша мән берді.
Көрсетілген міндеттердің бірсыпырасы бүгінде жүзеге асып үлгерді. Бұл өзгерістер Қазақстанның саяси жаңғыруына серпін берді, дейді сарапшылар.
Әділдік. Ашықтық. Жаңашылдық. Бүгінде биліктің тізгінін ұстаған әр азамат осы ұстанымға берік болуы керек. Мұны Мемлекет басшысы әр жиын сайын айтып отырады. Атқамінерлерді халыққа барынша жақын етудің жарқын үлгісі күні кеше өткен сайлауда көрініс тапты. Енді ауыл азаматтары өз басшысын өздері сайлауға құқылы. Биыл 42 аудан мен 3 маңызы бар қалалардың әкімдері осы қағидат негізінде таңдалды. Сайланудан бөлек, сенім үдесінен шығуды да ұмытпаған жөн. Өйткені, жаңа әкім шабан болса, оны орнынан босату жөнінде мәселе дереу жергілікті мәслихатта қаралады.
Салтанат Тұрсынбекова, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы:
- 24 жылдан бастап бұл тәжірибе тиісті санаттағы барлық елді мекендерде кеңейе түседі. Осылайша, қазақстандықтардың 75 пайыздан астамы өз ауылдарының аудандарының және қалаларының әкімдеріне тікелей сайлай алады.
Бұл әзірге пилоттық бастама. Дегенмен, тиімділігін тізіп айтуға болады. Ең бастысы, бұрынғыдай ондаған жыл бір өңірді бір адамның билеп төстеуіне жол жоқ, дейді сарапшылар. Иә, биыл саяси аламанда тек әкімдер ғана сынға түспеді. Мәжіліс және Мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша іріктеп алынды. Депутаттық корпусқа қоғамның түрлі өкілдерін тарту үшін Заң жүзінде арнайы квота бөлінді. Яғни бұдан былай мандаттың 30 пайызы әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға беріледі.
Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Бұдан бөлек, елде саяси плюрализмді дамытуға нақты қадам жасалап отыр. Көктемде өткен сайлау нәтижесінде мәслихат және мәжіліс мүшелері 80 пайызға жаңарды. Сондай-ақ жаңа Мәжілістің құрамына 6 партияның өкілдері өтті. Мен бұл іс-шаралар билік тармағын жаңалау үшін маңызды деп есептеймін.
Маманның сөзінше, бұл өзгерістер Қазақстанның саяси сахнасына жаңа леп әкеледі. Ал мемлекеттік құрылымның тұғыры нығайған сайын халықтың әл-ауқаты да жақсара түспек.
Назерке Тоқжан, Мұрат Әріпхан