Инвесторлар жиі көтеретін мәселе шешілді
Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасқанда салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беріледі және күрделі жобалар үшін Жетілдірілген модельдік келісімшартты жасасқанда фискалдық ынталандырулар енгізіледі.
Бұдан бөлек елімізде жеке шарттарда келісімдер жасауға мүмкіндік беретін инвестициялық шарттардың жаңа тетіктері енгізілді. Бұл туралы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды.
«Резидент емес тұлғалардан алынған материалдық емес қызметтер үшін шегерім сомасын шектеуге қатысты инвесторлар жиі көтеретін мәселе шешілді. Енді бұл шектеу тек оффшорлық юрисдикциялардағы компаниялармен жүргізілген операцияларға қатысты болады», — деді Премьер-Министр. Әлихан Смайылов инвестициялық тартымдылықты арттырудың маңызды аспектілерінің бірі болжамды және ашық салық саясаты екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанда фискалдық реттеуді жетілдіру үшін жаңа Салық кодексі әзірленді.
Қазіргі уақытта ол бизнес-қоғамдастық және халықаралық ұйымдар өкілдерімен әртүрлі алаңдарда қызу талқыланып жатыр. Жыл басынан бері 250-ден астам жұмыс кездесуі өткізіліп, мыңнан астам ұсыныс түскен. Барлық мәселе апта сайын тұрақты жұмыс тобының қарауына ұсынылады. Үкімет басшысының айтуынша, қолданыстағы ынталандыруларды сақтай отырып, жаңа Салық кодексі шеңберінде салық төлеушіге бағытталған сервистік әкімшілендіру моделі енгізіледі. Салық есептілігі 30%-ға, ал салық төлемдерінің саны 20%-ға қысқарады.