«Жастар Рухы» жастар қанаты үздік волонтерлер мен белсенділерді марапаттады

«Amanat» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты үздік волонтерлер мен белсенділерді марапаттады.

Елдің дамуына елеулі үлес қосқан және қоғам игілігі жолында жемісті қызмет еткен жас буынға «Рухтастар» сыйлығы берілді. «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жастар саясатын жаңғырту – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси реформаның негізгі бағытының бірі екенін атап өтті.

«Сондықтан еңбекқор, табанды жастардың қатарын көбейту – біздің басты мақсатымыз», - деді ол. Осымен екінші мәрте табысталған «Рухтастар» сыйлығының жеңімпазын анықтау бірнеше кезеңнен тұрды. Желтоқсанның 7-сі мен 14-і аралығында «Жастар Рухының» ресми сайтында үміткерлерден өтінім қабылданып, іріктеу өтті. Сөйтіп ол республикалық комиссия отырысында қаралды. Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар қатысты. Нәтижесінде бүгін 8 аталым бойынша үздіктер анықталды.

Елдос Нұртазаев, Семей қаласы №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:

- Туған жерім Абай облысында орын алған өрт халықтың бірлігін нығайтып, төзімін шыңдады. Бүгінгі жастар сыйлығында өрт сөндірушілердің еңбегі еленіп, марапатқа ие болып жатырмыз. Бұл менің ғана емес, тілсіз жауға қарсы тұрған әріптестерімнің де ортақ жеңісі деп білемін.