Саяси қуғын-сүргін. 3 жылдық жұмыстың нәтижесінде 311 мыңнан астам адам ақталды
Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының соңғы отырысы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Басқосуда мемлекеттік комиссияның және оның аймақтық бөлімшелерінің жұмысы қорытындыланды.
Комиссия қызметінің қорытындысы бойынша зерттеу жұмыстарының нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін 72 томнан тұратын жинақ бір сериямен әзірленді. Сонымен бірге 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды.
Ерлан Қарин, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы:
- Мемлекеттік комиссияның осы бағыттағы жұмысының аясында 2 млн 600 мыңнан аса құжат пен материалдан құпия деген белгі алынып тасталды. Бұл – үлкен нәтиже. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Мемлекеттік комиссия құрамындағы зерттеушілер репрессия құрбандары атылған жүздеген жерді анықтады және оларды жаппай көмген орындардың арнайы картасын жасап шықты.
XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығына 688 мыңға жуық іс қағазы бен 48 мың есепке алу карточкасы тапсырылған. Енді тарихи құжаттарды цифрлық форматқа көшіріп, электронды қор қалыптастыру міндеті тұр.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы 3 жылдың ішінде қыруар еңбек етілді. Ең бастысы, бізде осы кезге дейін ғалымдар, тек арнайы құпияға рұқсаты бар адамдар ғана көре алатын құжаттардың барлығын. Кезіндегі КНБ-ның, Бас прокуратураның, соттың жабық архивтері қазір қоғамдық айналымға түсіп отыр.
Хазіретәлі Тұрсын, Түркістан өңірлік комиссиясының мүшесі:
- Осы 3 жыл ішінде Түркістан өңірі бойынша 16 кітап жарық көрді. Бұл облыстық бюджеттің есебінен. Әлі мыңдаған құжаттар ақтарылмай, ашылмай жатыр. Міне, осылардың барлығын археографиялық өңдеуден өткізіп, ол мәліметтердің барлығын айналымға ұсыну – алдағы уақыттың жұмысы.
Жалпы алғанда комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасымен 3 жыл бұрын құрылған еді. Негізгі міндет – өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізу болды. Бұл бағытта елдегі 425 ғалым мен зерттеуші бірлесе қызмет атқарды. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды.
Комиссия жұмысы төл тарихымызды түгендеуге жаңа серпін берді, - дейді мамандар. Әрі қарай бұл бағыттағы жұмысты XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырады.