Тоқаев 98 заңға қол қойды

Мемлекет басшысы биыл 98 заңға, 344 Жарлыққа, 91 Өкімге қол қойды. 

Бұл туралы Президент кеңесшісі-баспасөз хатшысы Берік Уәли ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты. 

Ол 2023 жыл қандай маңызды шешімдермен естке қалғанымен бөлісті. Сұхбаттан үзінді келтірсек, "Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатуға, әділдікке негізделген жаңа экономикалық үлгіге көшуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған көптеген бастама көтерді. Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайту, еліміздің байлығы мен табысын халқымыздың арасында әділ бөлу міндеттерін жүктеді.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы:

- Президенттің тікелей бастамасымен әзірленіп, күшіне енген нормативтік-құқықтық актілердің бірі – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң. Мұның бәрі еліміздің байлығын халық арасында әділ бөлуге негізделген маңызды қадамдар деп айтуға болады. Себебі қайтарылған активтердің есебінен ел өңірлерінде әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар салынып жатыр, яғни қаржы халықтың мұқтаждығына жұмсалады.