Қазақстанның бастамасын БҰҰ жоғары бағалады
Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының пленарлық отырысында алғаш рет
«Ядролық қару қолданудан немесе сынақтан зардап шеккен мемлекеттер мен құрбандарға көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру» атты Қарар қабылданды. Оған ұйымға мүше 41 мемлекет тең автор ретінде қол қойды.
Халықаралық ұйым қабылдаған Қарар ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен Қазақстан мен Кирибатидің бастамасымен қабылданды. Маңызды құжат өз аумағында ядролық қару сынақтары жүргізілген мемлекеттерге келтірілген залалды жоюға көмектесуге бағытталған.
Жангелді Сырымбет, ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі:
- Қазақстан мен Кирибати ұсынған қарар БҰҰ үшін новелла саналады. Біріншіден, ядролық сынақтардан зардап шеккен құрбандарға бағытталған іс-шаралар қамтылған. Екіншіден, қоршаған ортаны қалпына келтіруге негіз болатын құжат. Сондықтан бұл қарар аталған екі мемлекеттен бөлек тағы он шақты елге көмек қолын созуға және халықаралық қарым-қатынастар орнатуға сеп болады.
Сондай-ақ құжатта ядролық сынақтардың салдарын бағалау, зардап шеккендерге нақты әрі қаржылай көмек көрсету және радиациядан ластанған аумақтарды қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылған. Қазақстандағы ядролық сынақтардың зардабын миллионнан аса адам тартып жүр. Ал ластанып, жарамсыз болып қалған жалпы жер көлемі 18 мың шаршы шақырым. Тынық мұхитындағы арал мемлекет Кирибатидің де тағдыры осыған ұқсас Америка мен Ұлыбритания ол жерде 33 рет ядролық сынақ өткізген.
Кристиан Чобану, БҰҰ жанындағы Кирибати Тұрақты өкілдігінің кеңесшісі:
- Бұл бірінші комитет қабылдаған ядролық әділет туралы алғашқы қарар. Келесі қадамдар; ядролық қаруды қолдану мен сынаудың құрбаны болған мемлекеттерде зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қорғау бойынша басқа мүше мемлекеттердің рөлі және көмек үлесі қандай болатыны туралы пікірлерін Бас хатшы арқылы сұрауды талап ету.
Бұл бастама БҰҰ - ға мүше елдер мен сарапшылар қауымдастығы тарапынан жоғары бағаланды. Жалпы жер жүзінде Қазақстаннан басқа әлемнің 15 мемлекеті ядролық қаруды қолдану мен сынаудан зардап шекті.
Айжан Сыдықова