Аида Балаева Алматы облысының тұрғындарымен кездесті
Соңғы үш айда ғаламтор ресурстарында жалған ақпарат таратудың 150 дерегі тіркелді.
Ал мұндай әрекетке барған адамдарға енді қатаң жаза қолданылып, 10 тәулікке дейін қамауға алынады. «Бұл шара қазірдің өзінде қолданыла бастады» деді Алматы облысына жұмыс сапарымен барған еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Сондай-ақ ол «Масс медиа» туралы заң жобасы әзірленгенін айтып, тұрғындардың сұрағына жауап берді.
Министр Президенттің бастамалары ұзақ мерзімді нәтиже беріп ғана қоймай, мемлекетіміздің дамуы үшін берік іргетасқа айналатынын, қазақстандықтардың болашағы жолында нақты нәтиже беретінін атап өтті. Мәдениет, азаматтық қоғам, ұлтаралық қатынас, дін және жастар мәселесінде атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Жиында тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылды. Мысалы, Алматы облысында 515 үкіметтік емес ұйым бар. Бірақ өңірде бірлестіктер мен қоғамдық қорлардың ортақ ақпараттық жүйесі жоқ. Министрдің айтуынша, қазіргі күні елімізде қоғамдық кеңес жұмысының форматы өзгергерді. Құрамындағы азаматтық сектор мүшелері көбейді. Жастардың үлесі он процентке ұлғайды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
«Барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестер белсенді жұмыс істеп, Президентміз айтқан халық үніне құлақ асатын мемлекет дейміз, үкімет дейміз соның қағидасын жүзеге асыруға толықтай қоғамдық кеңестердің құзіреті бар. Сондықтан сіздер де көптеген мәселелерді сол қоғамдық кеңстерге хаттарыңызды жазып, сол арқылы тыңдаулар өткізіп, енді мәселелер көп қой. Ең бастысы, сондай мәселелерді бірге талқылап, шешімін тауып, олардың жұмысын халыққа көрсету керек».
Сондай-ақ басқосуда мемлекеттік тапсырыспен шығатын оқулықтар мен кітаптар мәселесі де сөз болды. Жазушылардың еңбегін қолдау керек.
«Әсіресе балалар әдебиетін тарату мен насихаттау жағына ерекше көңіл бөінсе», - дейді жазушы қауым.
Алтыншаш Жақиянова, жазушы:
«Ол кісі алдағы уақытта оның бәрін ескереміз. Бұл өте керемет жақсымәселе болды. Қоғамдық маңызы бар әдебиетті шығару , сатып алу әрине қиын. Оған біз алдағы уақытта басқа оңды көзқараспен қараймыз деген жауап берді. Ол кісге рахмет. Бұл жауабын қатты риза болдым».
Тілшілермен болған брифингте Аида Ғалымқызы келесі жылы салалық журналистиканы дамытуға басымдық беріледі деді. Кейінгі екі жылдың өзінде 6000-нан астам журналист медициналық, экологиялық, діни, қаржы-экономикалық, құқықтық, этносаралық, аграрлық және IT-салаларда оқыту курстарынан өткен. Сондай ақ министр еліміздегі діни ахуалға тоқталды. Деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтару, интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы істе ақпараттық түсіндіру жұмысының маңыздылығын ескертті. Жыл басынан бері діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам заңсыз материал жойылып, бұғатталды.
Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов