Президенттік жастар кадрлық резервіне 50 адам қабылданды
Президенттік жастар кадр резервіне жаңадан 50 адам қабылданды.
Бұл үздіктер іріктеу кезеңдерінен мүдірмей өтіп, мықты қарым-қабілетін байқатқан. Бүгін Мемлекеттік қызмет істері Агентігінің төрағасы Дархан Жазықбай резервшілермен кездесіп, олардың алдағы мақсат-міндеттерін түсіндірді.
Әлібек Сайланбаев жасанды интелектпен айналысатын америкалық компанияда онлайн жұмыс істеп жүр. Алматылық маман енді елдегі цифрландыру саласын дамытуға үлес қосқысы келеді. Бұл мақсат жолында президенттік жастар кадр резерві үлкен мүмкіндік береріне сенімді.
Әлібек Сайланбаев, президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- Жасанды интелектті Қазақстанның басқару жүйесіне енгізу керек деп ойлаймын. Өйткені заңдарды қалай, қаншалықты жақсы екенін, қаншалықты пайдалы екенін өзі анализ жасап, айта алады адамдарға. Осы кадрлық резервте біз үш жыл бола аламыз. Сол үш жылдың ішінде бізге ұсыныстар беріледі жұмысқа. Сол жұмысқа таңдап бара аламыз.
Ал павлодарлық Фарида Төлеубаева халықаралық айти және телекоммуникация саласындағы компанияда қызмет етеді. Ол да президенттік жастар кадр резервіне қабылданды. 27 жастағы маманның алға қойған мақсаты биік. Соның әлеуметтік мәселелерді шешуге күш жұмсамақ.
Фарида Төлеубаева, президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- Лауазым мен мансап бұл жерде маңызды емес. Сондықтан қай жерге шақырса, қай жерде менің пайдам тие алады деген жерге барып, осы еліміз үшін жұмыс атқарамыз. Халықта туындап отырған басты мәселелердің бірі интернет мәселесі, байланыстың сапасы мәселесі. Сондықтан біз алдымен осы цифрландыру саласын дамыту жолында міндетті түрде байланыс, ифрақұрылымға мән беруіміз қажет деген ойдамын.
Екі жылда бір өтетін іріктеу кезеңі биыл бәсекеге толы болды. Оған қатысуға 30 мыңнан астам адам құжат тапсырған екен. Соның ішінде 6404 үміткер ғана тестілеуге жіберілген. Кейін тағы 4 кезеңнен соң үздік 50 маман анықталып, кадрлық резервке алынды. Сарапшылар мемлекеттік басқару ісіндегі мұндай жүйе жаңашылдыққа және жетістікке жетелейтінін айтып отыр. Бұған дейін резервке алынған 350 адамның 270-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Яғни, олардың 77%-і қызметке тағайындалды.
Еркебұлан Смадияров, Марат Диқанбаев