Депутат жол апатының көбейгені туралы мәселе көтерді
Еліміздің ірі қалаларында жол кептелісі мен көлік апаты көбейді.
Салдарынан елімізде жыл сайын шамамен екі мың азамат ажал құшады. Оның ішінде кейінгі 5 жылда мыңнан аса жасөспірім қайтыс болған. Биыл 12 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Өткен аптада Алматы қаласында жолаушы автобусының қатысуымен болған апат мегаполистерге ортақ өзекті мәселені көрсетті. Бұл туралы Сенат отырысында депутат Бибігүл Жексенбай айтты. Осыған байланысты сенатор Үкіметке сауал жолдап, онда қала қозғалысын басқарудың бірыңғай автоматты басқару тетігі мен "ақылды" бағдаршам жүйесін көптеп енгізуді ұсынды.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қоғамдық көліктерде қауіпсіздік мәселесі мүлде қарастырылмаған. Аялдамалардың көпшілігі көлік жолына тым жақын орналасқан. Мегаполистерде қоғамдық көлік тапшылығы аса өткір болып отыр. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметі бойынша 2030 жылға қарай Астанада Астанада – 33 пайызға, яғни 1,7 млн адамға, Алматыда – 20 пайызға, 2 млн 466 мың адамға, Шымкентте – 32 пайызға, 1,5 млн дейін өседі. Бұл ел халқының төрттен біріне жуығы осы мегаполистерде шоғырланады деген сөз.