ҰҚШҰ-ға төрағалық. Биологиялық қауіпсіздік басты назарда
Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық ететін кезеңде биологиялық қауіпсіздікке баса мән берілетін болады.
Тіпті ол үшін уәкілетті органдарының үйлестіру кеңесі құрылды.
Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап еліміздің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалығы басталады. Қазақстан ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін басты назарға алмақ.
Бұл туралы Минскіде өткен саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын.
Мемлекет басшысы баяндамысында, "Заманауи қауіп-қатер мен сын-тегеуріндерді міндетті түрде ескеруіміз тиіс",- деген еді.
Осы орайда Сенат депутаттары ұйым жарғысына енген өзгерістерді бекітуді ұсынды. Онда жарғының 8-ші және 17-баптарына толықтыру енгізілген.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
- Ұйым шеңберінде биологиялық және пандемиялық қатерлердің алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл саласындағы қызмет пен ынтымақтастықты үйлестіру мақсатында ұйымға мүше мемлекеттердің биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарының үйлестіру кеңесі құрылды. Осыған байланысты Ұйым Жарғысын биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты қосу туралы нормамен толықтыру көзделеді. Бұдан басқа, ұйым Жарғысының 17-бабына Ұйымның сыртқы істер министрлері Кеңесінің ұсынымына сәйкес және Ұйымның ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша Ұйымның Бас хатшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға мүмкіндік беретін толықтыру енгізіледі.