Смайылов: Қазақстан – шетелдік инвесторлар үшін тартымды мемлекет
«Үкіметке 2029 жылға дейін ұлттық экономиканы екі есе ұлғайту бойынша үлкен міндет қойылып отыр».
Біздің арнамызға берген сұхбатында Премьер-Министр Әлихан Смайылов орта мерзімді перспективада экономиканың екі есе өсуіне қол жеткізу үшін Үкімет қандай шаралар қабылдайтынын атап өтті.
Осыған байланысты елдегі экономикалық белсенділікті ынталандыру жұмыстарын жалғастырамыз. Сонымен бірге шағын және орта бизнестің дамуына қосымша серпін беру үшін қажетті жағдай жасалатын болады. Инфляцияны одан әрі төмендетіп, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеміз, - дейді Әлихан Смайылов.
- Егер өткен жылы 3,2 пайыздық өсіммен аяқтасақ, биылғы жылдың 11 айында экономиканың өсімі 4,9 пайызға жетті. Ал жылдың қорытындысы бойынша біз жылдық өсім 5 пайызға жақын, ал инфляция деңгейі 9,8 пайыздың деңгейінде болады деп күтіп отырмыз. Бұл инфляция екі есе төмендеді деген сөз – дейді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов сондай-ақ, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстары туралы да айтты.
- Қазіргі жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тартымды болып қала береді. Былтыр ол 18%-ға өсіп, 28 млрд долларға жетті. Бұл Қазақстан үшін соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болды. Бірінші жартыжылдықта ел экономикасына 13,3 млрд тартылса, жыл соңына дейін шамамен 27 млрд доллар болады. Өз кезегінде Үкімет инвестициялық белсенділік деңгейін сақтап тұру үшін қажетті шараларды қабылдауда. Инвестиция тарту бойынша барлық деңгейдегі басшылардың тікелей жауапкершілігі күшейтілді, -деді Премьер-министр.