Қ. Тоқаев: Үкіметке қойылатын талап күшейді

Бүгінде Үкіметтің өкілеттігі айтарлықтай кеңейді. Қыркүйек айында құрылымы өзгерген Президент Әкімшілігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға баса назар аударатын болды.

Енді Әкімшілік бұрынғыдай Үкіметті, кейбір министрліктер мен ведомстволарды жетелеп жүрмейді. Президент Әкімшілігі атқарушы биліктің қызметіне араласпай, басты саяси штаб ретінде ғана жұмыс істейді. Осыған дейін екі органның да құзырында болған бірқатар өкілеттік Үкіметке берілді. Бір сөзбен айтсақ, қазір Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осылай деген еді. Қазір осы тақырыпты Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің аға сарапшысы Қуаныш Сайлаумен талқылаймыз.