«Amanat» партиясының қоғамдық қабылдауына 100 мың адам жүгінген

Өткен жылы «Amanat» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 100 мың азамат арыз-шағымын арқалап келген.

Оның 55 пайызы оң шешімін тапты. Сондай-ақ ұйым шалғайдағы 500 ауылды да қамтып, тұрғындарды мобильді бөлме арқылы қабылдаған. Азаматтар тікелей мемлекеттік орган басшыларына мәселелерін жеткізу үшін 5 мың онлайн-трансляция да жүргізген.

Республикалық қоғамдық қабылдау бөліміне көмек сұрап келгендердің бірі елордалық кәсіпкер Дәулет Керейбаев. Өткен жылы оның 8 дүкені халықтан жинаған 160 тонна киімді мұқтаж жандарға таратып берген. Оның айтуынша келіп түсетін киімдердің ішінде киюге жарамайтындары да бар. Енді ол осындай қажетсіз киімдерді тиімді пайдаланып маталарды қайта өңдеу зауытын ашқысы келеді.

Дәулет Керейбаев, кәсіпкер:

- 2020 жылы қайырымдылық дүкенін ашқан едік. Содан бастап киімдер жинап, мұқтаж адамдарға көмек көрсетіп отырамыз. 2023 жылы біз «Amanat» партиясына хат жазып, кездесіп бізге көмек көрсетіп отыр. Кенесары 25 мекенжайында орналасқан партияның Астана қалалық филиалында осындай бокс орнаттық. Одан басқа несиелендіру арқылы «ГАЗель» автокөлігі берілді. Бізде кішкентай машина болған. Оған көп киім сыймайтын еді. Енді «ГАЗель» алып, көп үлес қосылды сол арқылы.

Партияның республика бойынша 226 қоғамдық қабылдау бөлмесі бар. Былтырғы жылы көмекке жүгінгендердің 63 пайызы әйел адамдар.Одан кейін көпбалалы аналар мен толық емес отбасылар.  Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар да жиі келеді. Осыған дейін көмек сұрап келгендердің 14 проценті жан-жақты қолдау тапқан.

Мөлдір Дәулетова, республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің сарапшысы:

- 2023 қоғамдық қабылдауға жүз мыңға жуық өтініш түсіп, оның 55 пайызы оң шешімін тапты. Сондай-ақ азаматтық қоғам, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, парламент мәжілісінің депуттатары және әкімдердің қабылдауын өткізіп жатырмыз. Өткен жылдың қараша айынан бастап біз Құқықтық көмек жобасын іске қостық. Осы бағытта 2 мыңға жуық қабылдау жасап 6 мыңға жуық адамды қамтыдық.

Былтырғы жылы ел бойынша 24 мыңнан астам қоғамдық қабылдау өткізілген. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері әр деңгейдегі мемлекеттік орган басшылары мен халықты байланыстырушы көпірге айналып отыр.

Әлішер Әли