Жаһандағы өзекті мәселелер елордамызда талқыға түседі
Биылғы жыл – біздің ел үшін маңызды әрі жауапты кезең.
Әлемдегі белді 4 бірдей халықаралық ұйымға төрағалық етеді. Мұның сыртында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Аралды құтқару халықаралық қорына да біз жауаптымыз. Ал жаңағы төртеуі: Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы. Жаһандағы өзекті мәселелер елордамызда талқыға түседі. Ол қандай мәселелер?
Былтыр 4 шілдеден бастап біздің ел Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын төртінші рет басқарды. Бұл абыройлы қызмет биыл да жалғасады. Яғни Қазақстанның төрағалығы маусымға дейін жалғасады. Қазір Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – Азиядағы ең ықпалды халықаралық ұйым. Ұйымға мүше елдерге ортақ тақырып ретінде 2024 жыл Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Экология жылы» деп аталды. Жалпы әлемдік күн тәртібінің және Қазақстанның ұйымға төрағалығының маңызды тармағы – климаттық өзгерістерге қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешу. 2001 жылы құрылған ұйымға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан және Өзбекстан мүше.
«Климаттың өзгеруі жаһандық ауқымдағы теріс салдарға әкеліп соғатыны баршамызға мәлім. Соңғы бірнеше жылда Орталық Азия елдерінде өте қатты қуаншылық белең алып, басқа да табиғат апаттар жиілеп кетті. Осы өзекті проблеманы шешу жолындағы ортақ күш-жігерді ұйымдастыруға шақырамын».
Қасым Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті
Адамзат 2050 жылға қарай жаһандық температураның 2,5 градусқа дейін көтерілу мәселесімен бетпе-бет келеді деген болжам бар. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Осы тұрғыда Қазақстан халықаралық қауымдастықты бір кездері әлемдегі төртінші ішкі су қоймасы болған Аралды құтқару халықаралық қорын қолдауға көбірек қаражат бөлуге шақырады. Қазақстан биыл Қорға төрағалық етеді.