Мәжіліс өкілдері шахтаға түсті
Ұлытау өңіріне 171 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.
Былтырғымен салыстырғанда 45 млрд теңгеге көп. Бұл Ерлан Қошанов бастаған депутаттық топтың аймаққа жасаған жұмыс сапары кезінде белгілі болды. Облысқа 67 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мәжілісмендер әуелі ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен кездесті. Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатындағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Мәжіліс төрағасының айтуынша әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, экономиканың дамуы 4,9 пайыз деңгейінде сақталып, шетелдерден ауқымды инвестиция тартылды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бірнеше күн бұрын бұрын Президент қабылдауында болдым. Мемлекет басшысы өңірлердің дамуына баса мән беріп отыр. Президенттің шешімімен қайта жаңғырған Ұлытаудың өңір үшін ғана емес, ұлтымыз үшін де орны бөлек. Осыған орай Президент облыс басшылығына өңірде бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар мен жаңа тұрғын үйлер салу туралы тапсырма берді. Оны орындау – бәріміз үшін басты міндет. Депутаттар бұл жұмысты қадағалап, барлық жоспарланған жобалардың жүзеге асуына жан-жақты ықпал ететін болады.
Мәжіліс өкілдері кенішке түсті
Осыдан соң Ерлан Қошанов бастаған депутаттық топ өндіріс орындарының жұмысшыларымен кездесіп, Жезқазған жылу электр орталығының қызметімен танысты. Сосын Сәтбаев қаласындағы «Анненская» кенішіне түсті. Ерлан Қошанов кәсіпорын өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған заңнамалық бастамаларға тоқталды. Атап айтқанда, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлем енгізу және өндірістегі еңбек қауіпсіздігін күшейту жайын баяндады. Депутаттардың өңірлерге сапары 12-ші қаңтарына дейін жалғасады.