Қазақстан төрағалық кезінде неге басымдық береді?

2024 жылы Қазақстан өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйымдар мен бірлестіктерге төрағалық етеді.

Оның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бар. Қазақстан өзінің төрағалық кезеңінде нендей мәселелерге басымдық береді?

Биыл Еуразиялық экономикалық одаққа Армения төрағалық етеді. Ал Еуразиялық экономикалық комиссия алқасына басшылық Қазақстанға өтті. 2028 жылға дейін оның басшысы болып ЕЭК Экономика және қаржы саясаты министрі Бақытжан Сағынтаев тағайындалды. Қазақстанның еуразиялық интеграция саласындағы басым бағыттарының бірі – үшінші елдермен ынтымақтастықты кеңейту. Желтоқсанның соңында ЕАЭО елдері мен Иран арасында еркін сауда аймағы туралы маңызды келісімге қол қойылды. Енді Еуразия елдерінен келетін тауарлардың 90%-іне баж салығы төмендетіледі. Қауымдастық Мысыр, Үндістан, Индонезия және Біріккен Араб Әмірліктерімен де келіссөз жүргізіп, осындай еркін аймақ құруды көздеп отыр.

Андрей Слепнев, ЕЭК Сауда министрі:

- Толық форматтағы келісім қысқа мерзімде сауда көлемін екі есеге ұлғайтып, 10 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Қазақстан өнімдерін, оның ішінде ең алдымен бидай мен арпа экспортын ұлғайтуға мүмкіндік зор. Қазақстан Иран нарығындағы өз үлесін арттырып келеді. Металдар мен биохимиялық өнімдердің экспорты да өседі.

Биыл Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төраға болып тағайындалды. Еліміздің бұл одақтағы басымдықтарын өткен желтоқсан айында Мәскеуде болған Ұйымның Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов атап өтті.

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біріншіден, ол – біздің ұйымымыздың қауіпсіздік саласына жұмыс істейтін халықаралык ұйымдармен тығыз жұмыс істеу. Ол, біріншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымы, одан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы және ТМД. Оны күшейту керек. Ерлан Қошанов ұйымымыздың бітімгершілік әлеуетін дамыту туралы баса айтты. Ол үшін көп жұмыс істелініп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жақында сыртқы саясатымыздың басым бағыттарына тағы бір мәрте тоқталып, экономикамыздың орнықты дамуына қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын айтты. Ал бұл үшін барлық алыс жақын шет елдермен өзара тиімді ынтымақтастықты күшейту қажет деп түйіндеген.