Сенатор: Мәдени деңгейді көтеру керек

Сенатор: Мәдени деңгейді көтеру керек

Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп жағамызды ұстаған едік.

Дәл жаңа жыл алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді көрдік. Бұл видеолар халықаралық пабликтерге тарап, мыңдаған қаралым жинап жатыр.   Сенатор Нұртөре Жүсіп осы іспетті мәселелер жайында сөз қозғап, "Біздің қоғам үлгілі тәрбие мен ұлттық мінезді ұмытпай, адамгершілікті әспеттеп, рухани құндылықтарды қастерлеуге ұмтылуы керек", - деді. Ол премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында халықтың мәдени деңгейіне қатысты алаңдаушылығын жеткізді. Әсіресе жастардың құндылық бағдарларын тереңдетіп, еңбекқорлыққа, ілім-білімге бет бұруға, отбасы тәрбиесіне барынша күш салу қажеттігін айтты. Депутат мемлекет тарапынан халықтың мәдени деңгейін көтеруге, таным-түсінікті кеңейтуге бағытталған жұмыстар жеткіліксіз екенін алға тартты.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік? Ең алдымен, тәрбие. Ақ көйлектің жағасы кірлесе жуып кетіруге болады. Ал ұлттың атына кір келсе қалай кетіреміз? Президент «Толық адам», «Адал азамат» деген идеяларды ұсынды. Бұл да құндылық. Осының бәрін кім жүйелейді? Айтылған сөз айтылған жерде қалмауы керек қой. 20 миллион Қазақ Еліне ортақ осындай құндылықтар жүйесі қашан жасалады? Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды.