Сарапшылар: Президент сапары Қазақстан-Италия ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығарады
Мемлекет басшысы ресми сапармен Италияға барды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы алғашқы ресми сапарының Италиядан басталуының өзіндік мәні бар.
Қос елдің дипломатиялық байланысы өнеркәсіп, бизнес, ғылым салаларындағы ынтымастыққа жол ашып, келешекке нық сеніммен қарауға кепіл болды. Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынастың қазіргі қарқыны, алдағы белесі жайлы сарапшылар пікірі қандай?
Италия дегенде көз алдымызға операның отаны, қасиетті Ватикан немесе әлемге танымал әйгілі концерндер елестейді. Тәуелсіз еліміздің экономикасының дамуында осы елдің компаниялары маңызды рөл атқарды, Италия Қазақстанға инвестиция құюшы елдердің ондығына кіреді. Содан бері қос мемлекет сенімге селкеу түсірмес серіктеске айналды. Айталық, 2022 жылы екі елдің арасындағы сауда айналымы 15 млрд доллларға жуықтады. Өткен жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 13 млрд долларды алқымдады. Еліміздің сыртқы сауда айналымында Италия Қытай мен Ресейден кейін үшінші орынға табан тіреді.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Италия – Еуропадағы нөмірі бірінші серіктесіміз. Біздің осы елмен сауда айналымымыз 15 млрд долларға жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, Италияның Жапониямен немесе Индиямен де сауда көрсеткіші 15 млрд долларды құрайды. Ол елдердің нарығы өте үлкен. Демек Қазақстан – Италия үшін өте маңызды серіктес және бұл – қос ел үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі.
Мемлекет басшысының биылғы ресми сапарының Италиядан, соның ішінде мәңгілік қала – Римнен бастау алуының өзіндік мәні мен тарихи астары бар. Екі ел арасындағы 30 жылдан астам дипломатиялық қатынастар барысында мықты экономикалық-өнеркәсіптіктік ынтымақтастық бекіді. Бүгінде Қазақстанда Италияның қатысуы бар 303 компания жұмыс істейді. Негізінен кәсіпорындар құрылыс, сауда және ғылыми-техникалық қызмет салаларымен айналысады. Алайда кәрі құрлықтағы мемлекет Қазақстанмен серіктестікті жаңа дейгейге көтеруге мүделлі.
Таир Нығманов, саясаттанушы:
- Иә, Италия – Қазақстан мұнайын ең көп сатып алатын мемлекет. Ол – біздің сыртқы саудамыздағы стратегиялық серіктесіміз. Еуропа елдері Қазақстанмен экономикалық байланысты еселей түсуге бейілді. Себебі геосаяси ахуал күрделеніп барады. Энергетикалық салада тапшылық туындамау үшін тұрақты әрі сенімді серіктес керек. Италияның Қазақстанға деген қызығушылығының арта түсуіне бірден бір себеп – осы.
Италия – Еуроодақтағы көлемі жағынан үшінші экономика. Өнері мен ғылымы өркендеген елде білім алып жүрген өрендеріміз көп. Білім беру саласында қос елдің жоғары оқу орындары арасында 30-дан астам келісім бекіген. Ал Алматыда Орталық Азиядағы жалғыз Италия мәдениеті институты ашылды.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазіргі таңда Италияда 2000-нан астам қазақстандық студент білім алып жатыр. Бұдан бөлек, өнер саласының мамандары да осы елде тағылымдаман өтеді. Былтыр Өскемен қаласында Генуи университетінің филиалын ашу бойынша келісімдер басталды. Италиямен білім беру саласындағы осындай контрактілер көбейіп келе жатқаны қуантады.
Әлем қазақты бейбітсүйгіш ел деп біледі. Халқымызға діни фанатизм мен төзімсіздік жат ұғым. Біз әлемге толеранттылығымызбен, ұлтаралық, дінаралық келісімді сақтауымызбен танылдық. Жаһан халқы сөзіне құлақ түретін, әр сапары дүйім жұрттың назарында тұратын Рим Папасының Қазақстанға екі рет келуі – осыған дәлел. Қазақ Президентінің бұл жолғы сапары аясында Ватиканда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рим Папасы Францисктің кездесуі де жоспарланған. Бұл Қазақстанның әлемдегі бейбітшілік пен тыныштықты орнатудағы рөлін айқындай түседі.
Таир Нығманов, саясаттанушы:
- Қазақстан этносаралық қатынаста толеранттылыққа, өзара диалогқа басымдық береді. Біз татулық пен бірлікті ту еткен елміз. Рим Папасының Астанаға жасаған сапарында үлкен мән жатыр. Оның бейбітшілікті насихаттауы, адамзатты мейірімді болуға шақыруы еліміздің құндылықтары, ұстанымымен үндеседі.
Сарапшылар Мемлекет басшысының бұл сапары Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтасты жаңа деңгейге шығаратындығын айтып отыр. Энергетика, сауда, көлік, басқа да маңызды салалар жаңа серпін алады.
Қуандық Танабас, тілші:
- Италия мен Қазақстанның арасындағы мәдени-рухани байланыс та жоғары. Тіпті таңымыздың өзі осы тәтті капучино немесе хош иісті эспрессодан басталады. Бұл да өмірімізге дендеп енген Италия мәдениетінің бір бөлшегі болар.