ЕуроОдақ пен Орталық Азия ынтымақтастығы
«Орталық Азиямен ынтымақтастықты күшейту қажет.»
Еуропарламенттің Страсбургтегі пленарлық отырысында ЕуроОдақтың Орталық Азия бойынша стратегиясын бағалау туралы есебіне қатысты қарар қабылданды. Құжатқа 629 депутаттың 543-і қолдап дауыс берген. Саяси, сауда-экономика мен мәдени-гуманитарлық әріптестік басты бағыттар деп танылды. ЕуроОдақ депутаттары біздің аймаққа бірнеше рет келген болатын. Қазақстан «кәрі құрлық» елдерімен энергетика, логистика, цифрландыру, индустриаландыру және басқа салалар бойынша инвестиция тартуға, өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Еліміздің сыртқы сауда айналымының 40 пайызы ЕуроОдаққа тиесілі. Былтырғы жылдың алғашқы 3 тоқсанында Қазақстан экономикасына 7,8 млрд АҚШ долларына тең инвестиция құйылған. Еуродепутаттар Транскаспий халықаралық көлік дәлізін Азия мен Еуропа арасындағы көпір ретінде тиімді пайдалану мүмкіндігін кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Томаш Здеховский, Еуропарламенттің ОА елдерімен ынтымақтастық бойынша делегация басшысы:
- Бұл көрсеткіш ЕуроОдақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде екенін байқатады деп ойлаймын. Бұл жерде экономикалық байланыс қана емес, сондай-ақ мәдениет, қауіпсіздік, білім беру және басқалары да маңызды. Еуропарламент Қазақстандағы барлық реформаларға риза. сіздер демократия жолымен жүріп бара жатырсыздар. Бұл сіздердің қоғам үшін игілікті іс-шаралар. Еуропарламент Қазақстанға арналған виза режимін жеңілдетуді толық қолдайды.
ЕуроОдақпен байланыс нығаяды
Қабылданған қарар Қазақстан экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашады. Мәжіліс депутаттары осылай дейді. Атап айтқанда, Еуропа елдерімен байланыс нәтижесінде энергия көздері мен сирек металдарды сататын жаңа нарық пайда болады. Сондай-ақ орталық көлік дәлізін салу жоспары бар. Бұл Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемін ұлғайтпақ. Бұдан бөлек, су ресурстарына қатысты қиындықтарды шешуге басымдық беріледі. Қарарға сәйкес, Еуропа елдері Орталық Азиядағы құрғақшылық мәселесін реттеуге білікті мамандарды жіберуге дайын.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
- Біріншіден, бұрын болмаған нәрсе Еуропалық Одақтың басшысының, Еуропалық кеңестің төрағасы Орталық Азияға келіп, Астанаға келіп орталық Азияның президенттерімен кездескені. Саяси диалог өте жақсы, қарқынды дамып келе жатыр. Әсіресе, ортаншы коридор. Ол Қытайдан Каспий арқылы Еуропаға жүктерімізді жеткізу.