Президент жұмыс сапарымен Алматыға барды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды.
Мұнда бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралап, әкімдіктің мегаполистегі жол-көлік жүйесін дамыту жоспарымен танысады. Жұмыс сапарының негізгі бөлігі ертеңге жоспарланған.
Бекзат Аманов, тілші:
- Мемлекет басшысының ұшағы бірер сағат бұрын Алматы әуежайына қонды. Жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше нысанды араламақ. Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасынан кейін күрдеулі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратына барады. Сол жерде қаладағы жағдайға байланысты жиын өткізеді. Мұнда тұрғындардың тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер қаралады. Еске салайын, Мемлекет басшысы Алматыға соңғы рет былтыр тамыз айында келген еді. Сол кезде қаладағы тұрғандар саны жыл сайын 70 мың адамға көбейіп жатқанын айтты. Қала қарқынды дамып келе жатқанымен, күрмеулі мәселе де аз емес. Соған байланысты мінбердегілерге бірқатар міндет жүктеді. Атап айтсақ, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту қаралды. Алматының жоғарғы бөлігін сумен толық қамту үшін жерасты су көздеріне гидрогеологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ «Балқаш» станциясындағы резервуар мен төрт скважинаның құрылысын аяқтау тапсырылған еді. Сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі де қаралған еді. Енді сапар барысында осы тапсырмалардың орындалуын тексеруі мүмкін. Сондай-ақ, сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі де қаралатын шығар. Одан бөлек, желтоқсан айының ортасында шаһар басшысы Президенттің қабылдауында болды. Кездесуде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалды. Сол кезде де Ерболат Досаевқа қоғамдық көлікті экологиялық талаптарға сәйкестендіру және көлік қатынасы жүйесін дамыту жайлы тапсырма жүктелген. Қысқасы, талқыға түсетін түйіткіл көп.
Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Ділмұрат Сейдаханов