Сингапурдың елімізге құйған инвестиция көлемі артты
Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестицияларының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асты.
Бүгін Сенат Қазақстан мен Сингапур арасындағы инвестициялар жөніндегі заңды мақұлдады. Құжат тең құқықты режимді, ұлттық заңнамаға және халықаралық құқыққа сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ол екі жақты тығыз экономикалық ынтымақтастық және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға қолайлы жағдай жасайды. Қазіргі таңда еліміздің Сингапурмен 13 ортақ жобасы бар. Оның жалпы құны 643 миллион долларға жуықтайды.
Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сингапурдың шетелдік инвестицияларды тартудағы тәжірибесі Қазақстанның іскерлік және инвестициялық ахуалын жақсарту үшін маңызды мәнге ие. Сингапурда инвестиция тарту үшін кең мүмкіндіктер жасалған. Атап айтқанда, шетелдік инвестициялар үшін ұлттық режим белгіленген. Шетелдік капиталды қолдану салаларында шектеулер қарастырылмаған. Жергілікті экономиканың барлық резиденттерінің, сингапурлық және шетелдік компаниялар қызметі жекелеген салалық заңнамалық актілермен реттеледі.