Сенатта жергілікті уәкілетті органдармен іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Мәслихаттармен өзара іс-қимылды жаңа деңгейге шығару маңызды міндет.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жергілікті уәкілетті органдармен іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысында осылай деді. Жиынға сенаторлар, мемлекеттік органдардың басшылары және онлайн форматта әр өңірдің мәслихат депутаттары қатысты. Сенат спикері атқарылған істер мен алдағы мақсат-міндеттерді атап өтті. Соның ішінде заң шығару қызметімен қоса өңірлердегі мәселелерді бірлесе шешу, жергілікті басқару жүйесін дамыту, мәслихаттарға методикалық және материалдық-техникалық қолдау көрсету тетіктері сөз болды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз экономиканың жаңа салаларын дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытына да үлкен жұмыстар басталуда. Халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін кешенді іс-шаралар да жүзеге асырылуда. Елдің игілігіне арналған осы бағыттарда бірлесіп, нәтижелі жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, биыл Парламент бірқатар заңдар қабылдайды. Олардың қатарында жаңа салық, бюджет, қала құрылысы, су кодекстері бар. Бұл заң жобалары бойынша әсіресе өңірлерге қатысты мәселелерде мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алу маңызды.