Қазақстан мен Тәжікстан одақтастық қатынасты нығайтып жатыр
Екі елдің сыртқы ведомство басшылары Душанбеде кездесіп, кең ауқымды келіссөз жүргізді.
Екі ел сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтетін болып келісті. Мұрат Нұртілеу ресми сапары аясында жергілікті ірі компания жетекшілерімен де жүздесіп, қазақ серіктестерімен белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Ежелден Памир тауының етегін мекендейтін тәжік халқы өзіндік мәдениетімен ерекше. Ел астанасы Душанбенің көркі де көз қызықтырмай қоймайды. Биік ғимараттардың арасынан әсем табиғат «менмұндалайды». Жалпы Тәжікстан тауда орналасқан мемлекет. Мұнда мұздықтар мен тұщы су басты байлық саналады.
Душанбе тәжік тілінен аударғанда «дүйсенбі» деген мағынаны білдіреді. Ежелде мұнда әр аптаның алғашқы күні жәрмеңке ұйымдастырылып, саудагерлер жиналатын. Соған сай қала ресми атауға ие болған деседі. Қазір көне шаһар халықаралық қатынас алаңына айналып отыр. Тәжікстанды стратегиялық серіктес әрі одақтас санайтындардың бірі Қазақстан. Біздің ел бауырлас тәжік халқына азаматтық соғыс кезінде алғаш болып көмектескен.
Екі елдің сауда айналымы қазір жыл сайын 1 млрд доллардан асады. Бізге Тәжікстаннан көбіне көкөніс пен жеміс-жидек тасымалданса, бұл нарықта қазақстандық бидайға сұраныс аса жоғары. Таяуда цифрлық технология өзара ынтымақтастықтың тағы бір қозғаушы күшіне айналды. Былтыр еліміз KazAID агенттігі арқылы тәжік тарапына Egov платформасының айти өнімін берді.
Сироджиддин Мухриддин, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі:
- Қазақстанның озық IT-мектептері мен ғылыми-институттарында 100 тәжік маманының оқытылатынына алғыс білдіреміз. Бұл жоба Тәжікстан президентінің былтыр Астанадағы цифрлық үкімет кеңсесіне барғаннан кейін қолға алынды.
Келіссөзде энергетика саласындағы ынтымақтастыққа баса мән берілді. Тараптар алдағы жылдары «Рогун» гидростанциясы өндіретін электр қуатын Қазақстанға тасымалдау жайын қозғады. Оның технологиялық сипаты мен коммерциялық негізін мамандар бірлесіп талқылайды. Тек осы істі жеделдету жайы атап өтілді.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Қазақстан Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің «үштігіне» кіреді. Соңғы жылдары екіжақты тауар айналымы тұрақты түрде 1 млрд доллардан асып отыр. Көрсеткішті екі еселеу үшін былтыр тиісті жол картасына қол қойдық. Біздің ел шамамен 190 млн долларға экспортты ұлғайтуға, оның ішінде теміржол локомотивтері мен вагондарын, рельс арқалық өнімдерін және ұн жеткізуге, сондай-ақ кооперациялық байланыстарды дамыту үшін барлық жағдайды жасауға дайын.
Қазақ пен тәжіктің тау-кен, уран өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларында тиімді ынтымақтастық орнату жоспары да бар. Осы ретте Мұрат Нұртілеу Тәжікстанның ірі компания басшыларымен кездесіп, Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құру бағытында белсенді әрекет етуге шақырды. Қазір отандық кәсіпкерлердің тәжік нарығына құйған инвестициясы 570 млн долларға жеткен.
Исроилходжа Самандаров, тәжікстандық көп бейінді компания басшысы:
- Ұн және мал азығын әзірлеумен айналысамыз. Құс шаруашылығы да бар. Министрмен біраз мәселені талқыладық. Тауар айналымын арттыру үшін қандай шаралардың қолға алынып жатқанымен таныстық. Бізді Қазақстаннан импорттық өнімдерді әкелу және логистика салаларында қолайлы климат қалыптасатыны қуантады.
Екі ел биыл қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Тараптар одақтастық келісімге қол қою жайын қарастырып жатыр. Ал еліміздің мәдениет күндерін Тәжікстанда өткізуге дайындық басталып кетті.
Рауан Мыңбаев